Ақмарал Лұқпанова өңірдің білім саласына зор үлес қосқандардың бірі. Ол Мұнайлы ауданы, № 1 жалпы білім беретін орта мектебінің орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ол еңбек жолын 1990 жылы Бейнеу ауданы, Боранқұл мектебінен бастаған. 1993 жылдан бері Маңғышлақ станциясындағы № 1 орта мектебінде (бұрынғы № 86 мектеп) қызмет етеді. 29 жыл еңбек өтілі бар мұғалім аудан, облыс әкімдерінің құрмет грамотасымен, Мұнайлы ауданының 10 жылдық, Маңғыстау селосының 50 жылдық медальдарымен марапатталған. Сондай-ақ, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгімен мадақталған жоғары дәрежелі мұғалім. Қызмет еткен жылдары ішінде 5 сынып түлетіп, бітіруші түлектерді ҰБТ-ға дайындап, жоғары деңгейде көрініп жүрген педагогтардың бірі. Оқушыларына бар білгенін үйреткен аяулы ұстаз отбасының ұйытқысы, ұл-қыз тәрбиелеп өсірген асыл ана. Ол сонымен қоса әртүрлі шығармашылық конкурстарға оқушыларды дайындаған өзгеше идеялардың да «анасы». «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» республикалық, халықаралық сайыстарына қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрінгені соған дәлел. Жас мұғалімдерге жетекшілік қызметін атқарды. Ол дайындаған топ «Жас мамандар» слетінің облыстық кезеңінің 2 мәрте жеңімпазы атанған. [caption id="attachment_86046" align="alignnone" width="1024"] 2014 жылы "Дарынды балаларға - талантты ұстаз" байқауында[/caption] Республикалық қашықтық, облыстық тілші-мұғалімдер олимпиадаларының және «Дар учителя» сайысының І орын, облыстық «Үздік мұғалім» сайысының ІІІ орын иегері. «Ізденімпаз ұстаз» атағын алған ол облыстық «Үздік кабинеттер» сайысынан І орынды иеленді. «Шәкірт жүрегіне жол тапқан ұстаз» республикалық жинағына енген еңбегі еленген нағыз ұстаз. Оның табандылығының арқасында жеткен жетістіктері өзі қызмет ететін 53 жылдық тарихы бар мектеп шежіресінде алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Сара жолдың ізашары болып, талай шәкірт тәрбиелеген мұғалімдер күні бүгінде ерекше мағынаға ие. Бүкіл өмірін ел болашағының тұғырына арнаған жандарды құрметтеп, биікке көтергенді де жұрт асылға балаған. Осылайша адамзат тарихында ұстаздың еңбегі қашанда бағалы болып қала бермек.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттер автордан
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="86048,86047"]