Руслан Мусаев 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарында ел намысын қорғауға үміткер. Маңғыстаулық балуан таяуда ғана Жапония астанасы Токиода дзюдодан өткен әлем чемпионатына қатысып келді. Бірінші кездесуінде Эстония спортшысын ұтып, екінші кездесуінде израильдік дзюдошыға есе жіберген еді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты. Қазір әлемдік деңгейде ел намысын қорғап жүрген балуан 2017 жылы «Қазақстанның спорт шебері» атағын алды. 22 жастағы дзюдошы 8 жасынан осы спорт түрімен айналысып келеді. Ол 2018 жылы дзюдодан ҚР чемпионатында 81 келі салмақта жеңімпаз атанып, сол уақыттан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Русланның ұлттық құрамада бой көрсетуіне алғашқы жаттықтырушысы Әділ Бисенқұлұлының қосқан үлесі зор. Ал дзюдошының қазіргі жеке бапкері Айбек Имашев биік белестерді бағындыру үшін жанын салып еңбек етуде. [caption id="attachment_86009" align="alignnone" width="1024"] Руслан Мусаев бапкерлерінің ортасында[/caption] Алматы қаласындағы Республикалық спорт колледжін тәмамдаған маңғыстаулық дзюдошы «Спорт болған жерде жарақат та болады, сынбау керек» деп айтты өз сөзінде. «Әлемдік жарыстарда әр спортшыға анализ жасап келемін. Күресу кезінде болатын қателіктерді жас палуандарға айтып, тәжірибеммен бөлісемін. Кез келген спортшыда жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді. Өзім жеңіске жете алмай қалған кезде жасымай, жіберген қателіктен сабақ алып, келесіде соны қайталамас үшін бапкеріммен бірге жұмыстанамыз», - дейді Руслан Мусаев. Сондай-ақ Руслан Алматы қаласында 14 қазан күні өтетін оқу-жаттығу жиынына қатыспақ. «Русланды 2018 жылы Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған Азия кубогында 81 келі салмақтағы алғашқы жарысына қатыстырып көргенбіз. Сол жерде Руслан жақсы күресіп, 2-орынды қанағат тұтты. Одан кейін ел чемпионатына қатысып, қарсыластарынан басым түсіп чемпион атанды. Ұлттық құраманың аға бапкерлері Русланға оң бағасын беріп жатыр. Олимпиадалық ұпай жинау үшін ел үмітін ақтайды деп әртүрлі жарыстарға қатыстырып жатырмыз», - дейді Маңғыстау облысының дзюдодан ересектер арасында аға жаттықтырушысы және ҚР дзюдодан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Айбек Имашев. Енді ол қазанның 25-26 күндері Абу Дабиде өтетін Grand Slam-ға қызу дайындық үстінде. Дзюдошы мақсатына жету жолында жаттығу залында табандылық танытып жүр. Маңғыстаулық балуанды бәйгеге қосып жүрген бапкерлер Русланның болашағына зор үмітпен қарайды. Жас спортшының көзінде жанған оты мен қайтпас қайсарлығы оның жеңіске деген құштарлығын айқындай түсетіндей.
Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН