Жуырда "Маңғыстау-Арена" спорт кешенінде көркем гимнастикадан II халықаралық «Шағала» турнирі өтті. Ауқымды сайысқа Өзбекстан, Грузия, Израиль, Ресейден келген 6-15 жас аралығындағы спортшылар жиналды. Сондай-ақ Алматы, Шымкент, Атырау облысының гимнасшылары додаға түсіп, өз өнерлерін көпшілікке көрсетті.
Айта кетелік, «Шағала»турнирі былтыр да ұйымдастырылып, жерлестеріміз алдыңғы қатардан көрінген-ді. Турнирде бас-аяғы 250-ге жуық спортшы бақ сынасты. Маңғыстау облысының намысын 60 спортшы қыздар қорғады. Аталған турнирде жеңімпаз атанған спортшыларға халықаралық дәрежедегі спорт атағы беріледі.
Жарысқа дейін облыстық көркем және эстетикалық гимнастика федерациясы аймақтың гимнасшыларының дайындығын пысықтау мақсатында Израильдік көркем гимнастикадан халықаралық дәрежедегі төреші, Кеңес Одағының 13 дүркін чемпионы Венера Зарипованы арнайы шақыртқан. Ол 14 күн бойы гимнасшыларға сабақ өтіп, өз тәжірибесінен тәлім берді. Оның айтуынша, жас спортшылардың көркем гимнастикаға қызығушылығы өте жоғары.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Маңғыстауда таэквондо үздіктері таңдалдыӘмина Ауданбаева - тәжірибелі гимнасшылардың бірі. Ол көркем гимнастикамен 4 жасынан бастап айналысып келеді. Қазір оның жасы 12-де. Бірнеше жүлденің иегері Ресей, Грузия елдеріне барып, өнер көрсеткенін айтты. Нағыз нәзік қыз балаға тән спортпен шұғылданатын Әминаның арманы олимпиада шыңына жету.
Дүбірлі додада қыздар екі топта өнер көрсетіп, жеке және топтық биде жарысқа түсті.
- Көркем гинастика – пайдасы өте зор спорт түрі. Аталған турнир алдағы уақытта да жалғасын табады деген сенімдемін. Жерлестеріміздің деңгейі жоғары, - деді Маңғыстау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрбек Қарабалаев.
- Гимнастиканы насихаттау, шетелмен тәжірибе алмасу шараның басты мақсаты болып табылады. Барлық қатысушылардың дайындығы жоғары, - деді Бас төреші Оксана Розанова.
Ұйымдастырушылар өңірімізде бұл спорт түрі дамып, көркем гимнастикаға қатысушылардың саны көбейіп келе жатқандығын айтты.
Турнирді тамашалауға көрермен көптеп жиналды. Жарыс соңында жүйріктер анықталды. Мадина Шабанова, Ұлжан Абдрахман, Жансая Жанбуршиева, Аяулым Қибасова, Саида Дәуренқызы, Дария Жекен жетістікке жетті. Ал Рысбике Сейбағыт, Аружан Қуанбаева, Галина Иванова күміс жүлдегер атанса, Виктория Слюсарева қола жүлдегері атанды. Сонымен қатар Жаңаөзен қаласынан келген Асемай Өзбекбай жеңімпаз атанды. Топ жарған жүлдегерлерге арнайы дипломдар берілді.
Айта кететін жайт, Маңғыстау облысының құрамасының құрылғанына аз уақыт болса да, жетістіктен кенде емес. Аймақта өткен Қазақстан кубогіне гимнасшыларымыз аса дайындықпен қатысып, финалда өнер көрсеткен. Сондай-ақ Баку, Әзірбайжан, Ташкент, Өзбекстанда жарысқа қатысып, 3 алтын, 5 күміс, 10 қола иеленді.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР