©
Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың қаулысымен Каспий теңізі жағасының тазалығы, жазғы суға шомылу маусымындағы адам қауіпсіздігі мақсатында «Нұр отан» партиясы мен төтенше жағдайлар бөлімі жетекшілігімен Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарындағы теңіз жағасына барлау жүргізілді.
Аталған шараның басы 4 шағынаудан маңында суға түсуге тыйым салынып, 15 шағынаудан жанына тексеріс жүргізумен басталған. Ақтау қаласындағы 4-ші шағынаудан жағалауы шомылу кезінде өте қауіпті аймақ болып саналады, дегенмен заң жүзінде бекітіп, тыйым салса да жаздың мамыражай қызығына батқан кісі қарасы таусылмай жүр. Сол себепті арнайы тексеріс жүргізіп, тамыз айы басталған шақта көптеген адамдарға айыппұл салынды, соның арқасында кісі қарасы азайып, қаулы нәтиже бере бастаған.
Сол айтулы қарекеттің жалғасы ретінде қаладан біршама жырақ, тыныштық меңдеп, демалуға қолайлы аймақ Ақшұқыр ауылындағы 14, 20-шақырым мен Сайын ауылындағы 23,28-шақырымдарға барлау жұмыстары жүргізілді. Аталған аймақтағы ауыл тұрғындарының қауіпсіздік ережесін сақтамай, суға шомылып жүріп түрлі қатерлі жағдайларға ұшырағаны анықталған. Ақшұқыр ауылы, 14-шақырымдағы теңіз жағалауында Нарғыз Сүлейманова басшылық жасайтын жағажай демалыс орнында қауіпсіздік шарасы толық жасақталмаған, арнайы құрылған барлау ұжымы кәсіпкерге тиімді жағдай жасау керегін ескертіп, қаласа облыс әкімшілігімен келіссөздер жасап, арнайы құтқару қызметін жалдауына болатыны айтылды. Одан соң 20-шақырымдағы теңіз жағалауына соғып, демалуға өте жайлы жер екені, бірақ, су тереңдігі өлшенбеген, жеке кәсіпкерлер қолдауымен жасақталмаған аймақ екені көрінді. Ақшұқыр ауылының әкімі Айсағали Нұғманов келешек жоспарланып отырған жұмыстар жөнінде баяндады:
- Жеке кәсіпкерлікті дамыту - мемлекеттен қолдау білдірілген жоба. Сол себепті 14-шақырымдағы жағажай демалыс орнын әлде де дамытып, 20-шақырымдағы жағажайға ел үшін жағдай жасай алатын кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Келешекте ауыл тұрғындары мен қонақтар қауіпсіздігі толығымен қамтамасыз етіліп, тағы бір тұсынан облыс қорына пайда әкелу көзделіп отыр, - деді ауыл басшысы.
Одан соң барлау ұжымы ат басын Ақшұқыр ауылына көршілес орын тепкен Сайын Шапағатов атындағы ауылға бұрып, 23 және 28-шақырымдардағы теңіз жағасының жай-күйімен танысып қайтты. 23-шақырымдағы жағалауда шомылып жүрген кісі қарасы мол, қауіпті аймақ деген ескертуге қарамастан, жаздың ыстығын меңзеген жұртшылықтың бұл да бір індеті сынды. 28-шақырымдағы жағалау тік жар болып біткен, сондықтан болса керек, ол маңнан мүлдем жан баласы байқалмады. Осы тұста ескерер жайт: 28-шақырымдағы жағажауға апарар көлік жүрер соқпақты ауыл әкімдігі үлкен тастармен бөгеп тастаған екен, қолданылған бұл айла сәл де болса қауіпті аймаққа бүйідей үйірілген демалушылардың санын азайтуға себепкер болары – анық.
Сайын Шапағатов атындағы ауыл әкімі Нұржаубай Ғабиден ауыл аймағаны қарасты қос жағалаудың жайын айтты:
- Екі жағалауды да жасақтап, демалыс орынын кереметтей етіп ашуға ұмтылып отырған кәсіпкерлер баршылық. Демалыс орынын ашатын жер аумағы облыстық мәслихат арқылы талқыға салынып, шешілуі қажет. Алдағы мәслихат отырысында осы мәселе кеңінен айтылғалы тұр. Шешіміне қарай біз міндетті түрде жер бөліп, кәсіпкерлермен келісіп, демалуға келген қауымға тиімді жағдай жасаймыз, - деді ауыл басшысы.
Қауіпсіздік шарасын барлау мақсатында ұйымдастырылған ұжым мүшесі ТЖД қарасты төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Қанат Есназаров жағдайды толық бағамдап, ауыл әкімдері мен кәсіпкерлерге, суға шомылуға келген жұртшылыққа түсіндіру жұмысын нақтылап, кеңінен толғады:
- Төтенше жағдай қызметкерлеріне ең сыналар, нардың жүгіндей ауырлық түсер сәт – жаз маусымы. Себебі суға шомылам деп тілсіз жаудың аранына жұтылар адам көбейіп кетеді. Облыс әкімі қаулы қабылдап, "Нұр отан" партиясының ықпалымен қауіпсіздік жұмыстарына кірісіп кеттік. Бұдан былай адам шомылуға жиналып, халық көп баратын теңіз жағалауларына тексерісті күшейтіп, су тереңдігін өлшеп, арнайы белгі беріп тұратын қалқымалар орнатамыз. Құтқарушылар дамылсыз жұмыс жасап жатса да, қызметтегі адам саны жетпей отыр. Осыған байланысты кез-келген жеке кәсіпкер төтенше жағдай департаментіне келіп, құтқару қызметіне тегін адам оқыта алады, - деп мәлімдеді Қанат Дүйсенбайұлы.
Тағы айта кетер ақпарат, жеке кәсіпкерлер жағалауды иемденсе, барлық қызмет түрлері, суға шомылу ақылай болып кете ме деген жөнді сұрақ туады. Бұл мәселенің күрмеуі былайша шешілмек: жеке кәсіпкер тек қана өзінің сатылымға шығарып, ұсынып отырған өнімін (тағам түрлері, сусындар т.б.) ғана сатуға құқылы, ал теңізге шомылу, күн астында тынығу қызметі бәріне бірдей тегін болады. Мектеп жасына жетпеген бөбектер мен мектеп оқушыларына арнайы суға шомылуға арналған ересектерден бөлек орындар ашылады. Барлау жұмыстарындағы басты көздеген меже – әрбір тұлғаның қауіпсіздігі.
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Басты суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН