31 шілде күні Ақтауда көгалдандыру, санитарлық тазалау мен абаттандыру мақсатында 1000 түп павловния ағашы отырғызылған болатын. «Green Park» тұрғын үй кешенінен мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына дейін барлығы 7 мыңға жуық көшет егілді. Мемлекеттік қызметкерлердің қатысуымен жүргізілген шара туралы Ақтау қаласының әкімдігі хабарлаған болатын.
Дегенмен көп ұзамай аталмыш екпелердің жағдайы мәз еместігін бейнелеген суреттер мен жазбалар желіде пайда болды. Бүгін қала әкімдігінде өткен брифингте мамандар мұның себебін түсіндірді.
- Алдымен қандай ағаш егу керектігі жөнінде біраз талдау жасалды. Назарбаев зияткерлік мектебімен бірлесіп, өсімдікті зерттеуге мамандар, ғалымдар шақырылды. Жыл басында павловния ағашының 5 түбін егіп көрдік. Өте жақсы өсіп кетті. Бұдан соң «NAVI Эко» мекемесімен келісімшарт жасалды. Олар 7000 түп павловния ағашын егеді. Келісім бойынша өспей қалған ағаштардың орнын өз қаржылары есебінен толтыруға міндетті және 2019 жылдың маусым айына дейінгі күтіміне жауапты. Қала әкімдігінің балансына қабылдаған кезде әр ағашты тексеріп қабылдайтын боламыз. Бұл мекемемен осындай талаптар негізінде келісімге қол қойдық. Қосымша ешқандай бюджет қаржысы шығындалмайды, - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Жанкелді Әубәкіров.
Қазір ағаштардың 4000-ы отырғызылған. Олардың тіршілігін жалғастыра алмаған 35 пайызын, жоғарыда айтылғандай, «NAVI Эко» мекемесі қалпына келтіріп жатыр.
- Бүгінде қаланы көгалдандыру жұмыстарымен үш мекеме айналысады: «Жасұлан флора» ЖШС, «Маңғыстау облыстық зағиптар қоғамы» ЖШС және «Нави ЭКО». Каспий маңы елдерінің 5-саммиті өтетіндігі бәріңізге белгілі. «Жасұлан флора» қалаға гүл отырғызумен толықтай айналысып жатыр. Қалалық әкімдіктен Кәсіпкерлер палатасына дейінгі аралықты қамтиды. Жасыл екпелерді суару, қырқу, жалпы күтімімен Зағиптар қоғамы айналысады. Сәуір айында бұл қоғаммен көгалдандыру жөнінде келісімге қол қойылып, қаржы бөлінген болатын, - деген Жанкелді Елеусізұлы көгалдандыру, қоқыстарды тазарту жұмыстарын әкімдік бақылауда ұстап отыратынын жеткізді.
Әдетте ағаш егу жұмыстары көктем, күз айларында жүргізіледі. Мамандар павловниялардың шілде айында егулі себебін оның жылдың кез келген уақытында өсуге бейім гибридті өсімдік екенімен және көп көлемде оттегі бөлетінімен байланыстырды.
«NAVI Эко» мекемесімен келісімшарт 140 млн теңгеге жасақталған. Оған екпелерді отырғызу, суару, тыңайтқыштары мен дәрілік қоспалары кіреді. Аталмыш павлониялар Өзбекстаннан әкелінген.
- Қазір 4000 түп ағаштың 35 пайызы түрлі себептермен өсе алмады, оның 25 пайызы желдің ықпалынан сынып қалды. Дегенмен бұл өсімдік сынған, жұлынған тұсынан қайта өсіп шығады. Бұл ағаштар эксперименттік жоба ретінде отырғызылды. Ағаштың әрқайсысы тыңайтқышқа толы қапшықтар арқылы егілді. Қап ішіндегі өсімдікке қажетті нәрселер минимум бір жылға жетеді. Ал ағаш тамырлары өсе келе бұл қапшықты жарып шығады. Плавловниялар көп жылдық өсімдік. Ал көп жылдық өсімдіктердің тамыры өте мықты болады. Көпшіліктің пластик ыдыс деп шатастырып жүргені – полипропиленді қапшықтар, - дейді мекеме өкілі Хуршид Акрамходжаев.
Еске сала кетейік, биыл Ақтау қаласын көгалдандыру бойынша тендерді «Маңғыстау облыстық зағиптар қоғамы» ЖШС ұтып алған болатын. 777 млн қаржы бөлініп, бүгінге дейін 4,5 мың ағаш отырғызылған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Басты сурет Ақтау қаласы әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды