Жаңаөзендік ақын, жыршы Қармыс Разбаевтың көлемі 22,5 баспа табақтық «Жаңаөзен – жыр керуені» атты кітабы қолымызға тиді. Мұнайшылар қаласының 50 жылдығына орай жуырда жарық көрген жинақтың бірінші бөліміне Қармыстың төл туындылары енсе, екінші бөлімі Жаңаөзен топырағына табаны тиген, бұрын-соңды осында өмір сүріп, өнерін көпке шашқан ақын-жыршы, жыраулардың өмірдеректері мен шығармалары топтастырылыпты.
Жыр-терменің жүйрігі, Қазақ Ұлттық Өнер университетінің оқытушысы, ҚР мәдениет қайраткері, профессор Амандық Көмекұлының алғысөзімен ашылған кітапта халық ақыны Есенғали Бөкенбаевтың жыршылық жолын бастаған жас талант Қармысқа 1990 жылы берген батасы басылыпты.
Жаңаөзен қалалық өрт сөндіру бөлімінде біраз жыл абыройлы еңбек етіп, қазірде зейнеткерлікке шыққан Қармыстың әр жылдарда белгілі ел азаматтары мен замандас жайсаң жандарға шығарған арнаулары мен шежірелік насихат жырларына орын беріліпті. «Адайдың бес жүйрігі» деп аталған екінші бөлімнің беті Абыл, Нұрым, Қашаған, Ақтан, Аралбай ақындардың суреттерімен ашылып, Сүгір, Ұзақбай, Мұрат, Өткілбай, Әбдікәрім, Әлқуат, Қаналы, Сәду, Есенғали сынды ақын-жыршылардан бастап ән-жыр әлемінде талаптанып жүрген бүгінгі жастарға дейінгі ұзын саны 92 өнер адамы туралы мағлұматтар беріліпті. Олардың арасында түрікмен, тәжік, өзбек жерінде туып-өскен немесе өнер жолын сол жақта бастаған ел арасында есімдері елеусіз келген бірталай аға буын азаматтар туралы деректер қамтылғаны қуантады.
Қармыстың көлемі де қомақты, мазмұны да салмақты бұл кітабының көзіқарақты оқырманға берері мол екен. Құтты болсын!
Кенже БӘЙІМБЕТ