Мамырдың 22 жұлдызында Елордада мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған «Рухани қазына – 2018» байқауы мәресіне жетті. Республикалық деңгейдегі сайыста Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану мұражайы «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Ұжымды жеңісімен құттықтап, басшысы Тамара Жұмалиевамен әңгімелесіп қайтқан едік.
- Сәлеметсіз бе, Тамара ханым. Елордадан жүлделі оралуларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Әңгімемізді осыдан бастасақ. Байқауға кімдер қатысты, қалай өтті?
- Жыл басында Мәдениет министрлігінен «Рухани қазына – 2018» атты фестиваль өтетіндігі жөнінде хат келді. Ол алдымен республикалық көлемдегі үлкен байқау ретінде өткізіліп, қорытындысы фестиваль түрінде жүреді. Республикадағы аудандық, қалалық, облыстық кітапханалар мен мұражайлар қатысты. Алдымен өңірлерде өзара іріктеу өткізіліп, үздіктер республикаға жолдама алды. Біздің облыста бар болғаны мемлекеттік 6 мұражай бар. Оның ең үлкені – 1932 жылы негізі қаланған Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қалалық мұражай кешені. Оның құрамына Тарастың мемориалдық музейі, кезінде Есбол Өмірбаев негізін қалаған Этнография музейі және Мұрын жыраудың музей үйі кіреді. Осы үшеуі қосылып, мұражайлар кешені деп аталады. Екінші – 1975 жылы ашылған біздің облыстық тарихи-өлкетану музейіміз. Осы музейдің Жаңаөзен қалалық және Шетпеде аудандық екі филиалы бар. Одан кейін Бейнеу аудандық мұражайы және соңғысы Шетпедегі Серікбол Қондыбайдың мемориалдық музейі. Конкурсқа біздің музей мен осы Серікбол Қондыбай мұражайы ұсынылды. Оның ғимараты облыста музей үшін салынған алғашқы ғимарат. Сөйтіп байқауға құжат дайындауға кірістік. Құжатта музейдің соңғы 5 жылда атқарған қызметі, көрмелері, халыққа көрсеткен қызметі, келушілер саны, жетістіктері түгел қамтылу керек.
- Серікбол Қондыбай мемориалдық мұражайының ашылғанына 5 жыл тола қойған жоқ қой...
- Иә, оның ашылғанына 5 жыл толған жоқ. Сонда да оның алғашқы аяқ алысы, атқарып жатқан жұмыстары, ғылыми жұмыстары көңіл толтыратын дәрежеде болғандықтан ұсындық.
- Республика бойынша байқауға қанша мұражай қатысты?
- Ел аумағындағы мұражайлардан барлығы 53 ұсыныс түскен екен. Сонымен қатар «Үздік музей қызметкері» аталымына да үміткерлерді іріктеді.
- «Үздік музей қызметкеріне» қандай талаптар қойылды?
- Оның талабы өте жоғары. Айталық, ол экскурсия да жүргізуі керек, музейге түскен кез келген маңызы бар дүниенің экспонат ретінде ғылыми сипаттамасын жазу керек. Немесе ғылыми жұмыс жазып, бір ғана экспонаттың тарихын айтып, кез келген келушіге тақырыптық экскурсия жүрізе алуы, балаларға таныстырып, тәрбиелік шара өткізе білуі керек. Осылай жан-жақты қарастыра келіп, аталған критерийлерге Нұршат Кәлкенбаева және Толқын Түйешиева атты облыстық музейдің екі қызметкері іріктелді. Толқын Түйешиева мәдениет қызметкерлері күнінде облыс әкімінің қолынан Алғыс хат алды. Ал Кәлкенбаева Нұршатты республикалық байқауға ұсындық.
- Байқау қай күндері өтті?
- 21 мамыр күні Астанадағы Ұлттық музейдің конференция залында пленарлық отырыс өтті. Шеберлік сыныптары, сұхбат алаңы ұйымдастырылып, 22 мамыр күні марапаттау рәсімі болды. «Облыстық дәрежедегі үздік мемлекеттік музей» аталымы бойынша екі жеңімпаз анықталды. Бірі – біз, бірі – Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы музыкалық аспаптар музейі. Екеуінің көрсеткіші бірдей деңгейде деген баға беріп, 1 млн. теңгелік сыйақыны екі мұражайға бөлді. Республикада 16 тарихи-өлкетану мұражайы болса, солардың ішінде ең үздігі атану – біздің үлкен жетістігіміз. Ал Серікбол Қондыбай мемориалдық музейі мен Нұршат Кәлкенбаеваға министрдің алғыс хаты табысталды.
- Конкурстан бөлек өздеріңіз көрмелер, шаралар жиі ұйымдастырып тұрасыздар ма?
- Біздің Қазақстанда мұражай ісі аса қолға алынбаған. Мәдениет министрлігі театрларға, концерттік бағдарламаларға жиі көңіл бөледі де, көп жағдайда музейлер тасада қалып қояды. Сенсеңіз, мен осында қызмет еткеніме биыл 23 жыл болды, ал «Рухани қазына-2018» шарасы – қатысып отырған алғашқы фестиваліміз. Оған дейін бір де бір рет мұндай шара өткізілген жоқ.
Осы конкурсқа дайындалған уақытта өткізген көрмелеріміздің тізімін жасадық. Соңғы 20 жылда 23 рет көрме ұйымдастырыппыз. Әр сапарымызда ең азы 1500 тонна, ең көбі 3500 тонна жүк алып жүреміз. Астана қаласында 13 рет одан бөлек Орал, Атырау, Шымкент, Павлодар, Түркістан, Кендірліде, шет мемлекеттерде Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында, Украинаның Львов, Түркменстанның Ашхабад, Түркпенбашы қалаларында көрме жасадық.
- Сонша тонна жүкті қалай тасымалдайсыздар?
- Пойызбен, ұшақпен шама келгенше алып жүреміз. Бірнеше күн оларды буып-түюге жұмсалады. Мысалы, бізде тарихы 100 жылдық сүйектелген шайсандық бар. Ол түпнұсқа уақыт өте келе ескіреді ғой. Сондықтан 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланғанда Нұрсұлтан Қалиев есімді жігітке айнытпай көшірмесін жасаттық. Оның көрмеге жаңа нұсқасын да, түпнұсқасын да апаруымыз қажет. «Себебі қалай жасады, қайда қарап жасады?» деген сауал туады ғой. Өзі ағаштан жасалып, сүйектелген ауыр шайсандық, ол қажалмауы, бүлінбеуі керек. Сондықтан алдымен матамен, сыртын су тимес үшін целлофанмен ораймыз. Қапқа, одан соң қорапқа саламыз. Әрбір затты осылай қаптағанда жүк тонналап салмақ тартады.
Мынадай бір оқиғаны айта кетейін. 1998 жылы Астана қаласының презентациясы өтерде Иманғали Тасмағамбетов мырза екі биік темір киіз үйді Елордаға әкеліп көрме жасауға тапсырма берді. Барлық қажетті нәрсені ұшақпен тез арада әкелуімізді сұрады. Темірден жасалған киіз үйдің көлемі үлкен. Біздің апарған жүгіміз, бау, басқұр, үзігіміздің барлығы бір киіз үйге кетті де, екінші үйге жетпей қалды. Витринамыз ғана тұр. Енді қайтеміз? Ол кезде Нұрнияз Мұқанұлы мәдениет басқармасында қызмет ететін. Олар басқармаға деп екі кілем сатып алған еді. Ағайға өтініш жасап, кілемдерін сұрап алдым. Өзім тумен түстес шыт мата сатып алып, Ақтаудан ши алдырдым. Маңғыстаулық делегация ертең көрме болады деген күні кешке Астанаға келді. Түнімен екінші киіз үйді жабдықтап, қолдан келгенше безендірдік. Зергерлік бұйым қоятын витринамыздың үстіне түссіз мөлдір, дөңес қақпақ жасатқанбыз. Ішіндегі зергерлік бұйымдар күн сәулесімен шағылысып тұрғанда Сара Алпысқызы «Мен бір ғарыштық дүниелер ме десем. Зергерлік бұйым екен ғой» деп таң қалған. Жалпы әрбір сапар бір тәжірибе, әр кез жаңа бір шығармашылық қырың ашылып отырады.
- Шетелдіктер қалай қабылдайды? Көрмеден қандай әсер алады?
- Өте жақсы қабылдайды. Біздің экспонаттарымызға, ұлттық бұйымдарымызға таңданып, сұрап жатады. Түрікменстанда қазақ диаспорасы көп қой. Көрмеге келген қандастарымыз есіктен кіргеннен көздері жайнап, мәз-мейрам болды. Түрікмендердің қалы тоқитын әдемі өнерін қазақтар басқұрдың үстіне салған. Маңғыстаудың басқұрын басқа жерден кездестіре алмайсыз, сондықтан басқұр біздің брендіміз болуы керек деп санаймын.
Әлемдік тәжірибеде көрме өткенде фуршет ұйымдастырылады. Көруге келгендер нәзік фуршерлерді ұстап, шараптан арагідік ұрттап қойып, алыстан картинаға қарап тұрады. Кейде сағаттап қарауға болады. Сондықтан балқаймақ, құрт, ірімшіктерімізді ұмытпай, барған жерімде алып жүремін. Түркменстанға да солай апарып, ұлттық тағамдарымыздан фуршет жасағанымызда сондағы бір қазақ келіншек бауырсақ пісіріп әкеліп тұр. Көзіме жас келді. Ұлттық дүниелерімізді көріп, ұлттық асымыздан ауыз тиіп, сағыныштарын бір басқандай болды.
- Қазір мұражайда қанша зал бар, қанша экспонат бар?
- Бүкіл музейді толықтай қамтып, аралап шығуға минимум екі сағат қажет. Неге? Затты көру бар да, оны жетесіне жеткізіп түсіндіру бар. Ғұмырында музейде болмаған адам шайсандығыңды, келі мен келсапты немесе анау ілулі тұрған қару-жарақты біле бермейді ғой. Оларды халыққа жатық тілмен түсіндіру керек.
Ғимаратқа кіргенде алдымен Маңғыстау жайлы толық ақпарат айтылып, өлкемен танысасыздар. Содан соң табиғат залына көшеміз. Онда Маңғыстаудың физикалық картасымен танысасыздар. Теңізі, жерінің қыртысы, жан-жануары мен құстар әлемі, табиғаты туралы айтылады. Мұнан соң археология залына кіріп, өлкеміздің ерте замандағы тарихына үңілесіз. Бір кездері Шығысқа, Орталық Азияға шығатын көпір қызметін Қазақстан, соның ішінде Маңғыстау атқарған. Сол тұста өлкеде керуен сарайлары болған. Археология залында солардың макеті орналасқан.
Сосын Жаңа кезең тарихы залына жалғасады. Бұлай аталғанымен Қазақ хандығының құрылуы, сол уақыттағы Маңғыстау тарихы туралы сыр шертеді. Ол жөнінде қалған материалдар, жазбалар көп сақталмаған, шама келгенше жасақтап қойдық.
Келесі – ХХ ғасырдағы Маңғыстау тарихы залы. Ол біздің балалық кезеңіміз, әкелеріміздің атқа мініп, елді ел қылған уақытын қамтиды. Мұнда репрессия құрбандары туралы мәліметтер бар. Бір кездері олар туралы айтуға тыйым салынды ғой. Мен мұражайға келгенімде репрессия жайлы бір де бір материал болмады. Сондықтан оның орнын толтыру үшін, бәрін жинақтай бастадық. Маңғыстаудың маңдайы жарқыраған 950-ден астам адамы қуғын-сүргінге ұшырап, құрбан болды. Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің тыйым салынған жабық қорынан Адай көтерілісіне қатысқандар туралы мәліметтер мен фотосуреттерді өзім алып келдім, оны экспозицияларымызға пайдаландық. Одан бері Ұлы Отан соғысы, облыстың құрылуы, қаланың салынуы түгел қамтылды. Сосын ел тағдырына зор үлес қосқан тарихи тұлғамыз Дінмұханмед Қонаевтың суретін де іліп қойдық. Осы жерге келген танауы иіс, ауызы дәм білетін сұңғылалар осы үшін маған рақмет айтып кетті.
Одан соң бұрын «Тәуелсіз Қазақстан» деп аталған, «Қазіргі заманғы Қазақстан» залы. Онда Ақорданың макеті қойылған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңді қамтиды. Сондай-ақ Мұнай өндірісіне, Әбіш Кекілбаевқа арналған залдарымыз бар.
- Музейді тамашалауға келетіндер қатары көп пе?
- Келушілер көп. Бұрын жылына 20-25 мың адам келетін. Қазір 40 мыңдай. Музейдің сайтында виртуалды зал бар, содан тамашалауға да болады. Осы орайда айта кетейін, біздің сайтымыз да барлық мұражайлар арасында үздік атанып жүр.
- Қазір қанша қызметкер бар?
- Штат бойынша 74 маман бар. 10 қызметкер Жаңаөзен қалалық филиалында, 10 қызметкер Маңғыстау аудандық филиалында қызмет атқарады. Бірақ музей мамандарының жалақысы көңіл көншітпейді. Мәселен, Ақшұқыр ауылынан қатынайтын қызметкерлеріміз бар. Айлығы – 34 мың теңге. Ол қызметкерлердің жұмыста тұрақтауына кедергі болады. Дегенмен музейдің өзіндік ерекшелігі бар, кірсең, шыға алмайсың, өзіне тартып тұрады. Таңертең үйден «жұмысқа бара жатырмын» деп шыққан сезімнің өзі қандай?
- Мұражайға жетпейтін дүниелер бар ма?
- Ғимаратымыз да мұражайға арналмаған. Алғаш келгенімізде жиналыс өткізетін орын, отыратын жер де болмады. 58 мың экспонатымыз бар. 2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы жарияланған уақытта жаңа ғимарат қажеттігін айтқанбыз. Жанымыздан екі қабатты құрылыс салынды, дегенмен сапасыз, пайдалануға жарамсыз болғандықтан бас тарттық. Қазір облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы музейге арналған жаңа ғимарат салынатынын айтты. Соны тосып отырмыз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Мұнайлыда былтыр 14 өрт оқиғасы тіркелген- Қашанға жоспарланып отыр?
- Жобасы толықтай дайын тұр. Қазіргі мұражайымызда 7-8 залымыз болса, жаңа жоба бойынша 12 зал болмақ. Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай жаңа ғимараттың құрылысы салынады деп үміттеніп отырмыз. Басқасына үлгермесек те, Әбіш Кекілбаев атындағы залды сонда көшіріп, орталықты ашамыз деген жоспар бар. Бірақ орталығы ғана емес, мұражайға Әбіш Кекілбаевтың атын беру де артық етпес еді.
- Маңғыстау тарихи-өлкетану мұражайының ерекшелігі неде дер едіңіз?
- Музейлер қажет дүниелерді бір-бірінен сұрап, толықтырып жатады. Мәселен, Ұлттық музейге біздің бірқатар дүниелеріміз қойылды. Этнография залында тұрған киіз үйді апарып, өз қолыммен тігіп бергенмін. Ал біздің музейде сырттан әкелінген ештеңе жоқ. Ең үлкен ерекшелігі – осы дер едім. Тағы бір айта кетерлік жайт, біздің музейдің қызметкерлері болып ЮНЕСКО-ға Киіз үйімізді енгіздік.
- Әңгімеңізге рақмет. Жұмысыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54839,54838,54837,54836,54835,54834,54833,54832"]