Ұлы Отан соғысының аяқталып, Жеңіс таңының атқанына биыл 73 жыл толды. Сұрапыл соғыс жылдары 10 миллионнан астам жауынгер қаза тапқан. Бұл соғыс қайғы әкелмеген бірде-бір отбасы болмады. Жеңіс қыршыннан қиылған осы қыз-жігіттердің ерлігімен келді.
Ал от пен оқтың ортасынан аман шыққан ерлер елге Батыр атанып оралды. Қан майданда шайқасып, бейбітшілік пен тыныштық орнатқан ардагерлер бүгінде арамызда азайып барады. Жеңіс күнін жақындатқан жауынгерлердің басым бөлігі келместің қайығына мініп кете барды. Бірақ олар ерлігі ел есінде мәңгі сақталады.
Ел басына күн туғанда жанқиярлықпен шайқасып, соғыстан кейінгі ауыр жылдарда ел экономикасын көтеру үшін тынымсыз еңбек еткендердің бірі - Құрмаш Нұржаубеков. Ол 1926 жылы Маңғыстау аймағында дүниеге келген. 1930 жылдары аштық кезінде оның отбасы Түрікменстанның Красноводск облысы Жебел станциясына өтіп кеткен екен.
Фашистік әскер тұтқиылдан басып кіргенде ол әлі жас еді. 1944 жылы 18 жасқа жаңа толған жігіт Красноводск қаласынан от пен оқтың ортасына аттанады. Ол Украинаның 31 А 1УкрФ штабына алынып, фашистерге қарсы Украина, Запорожье жерінде соғысты. Сұм соғысты көзімен көріп, қан майданның қақ ортасында жүріп, 1945 жылы елге жеңіспен аман оралады.
Құрмаш Нұржаубеков соғыстан келген соң еңбек жолын бухгалтер ретінде бастайды. Жұмыс жасай жүріп, 1956 жылы Ашхабад темір жол көлігі техникумына «бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша оқуға түсіп, жақсы нәтижемен тәмамдайды. Ол ұзақ жылдар бойы Жебел станциясының құс фабрикасында, Небит-Даг қаласындағы ет комбинатында, одан кейін сауда-сатып алу базасында бас бухгалтер болып қызмет етеді.
1991 жылы өзінің отбасымен бірге туған жері Қазақстанға аңсап жетеді. Ардагер азамат Маңғыстауға келген соң да еңбектен қол үзбейді.
Жұбайы Жібек Чекулбаевамен ұзақ жыл отасып, 6 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсіріп, өнегелі әулеттің отағасына айналады. Бүгінде олардан 13 немере, 14 шөбере өнген. Құрмаш атаның ұлдары Аманқос, Амангелді, Келдібай, Батырбай, Білімбай, Әділбай мен қыздары Салтанат пен Ізбибі қазіргі күні сан салада тынымсыз еңбек етіп, ел құрметіне бөленіп жүр.
Құрмаш Нұржаубеков Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Германиядағы Жеңіс үшін», «Кеңес әскері мен флотына ХХХ жыл», «КСРО Қарулы күштерінің 60 жылдығы», 1988 жылы «КСРО Қарулы күштерінің 70 жылдығы» медальдарымен марапатталады.
1985 жылы КСРО Жоғары кеңес президиумының жарлығымен Ұлы Отан соғысы ІІ дәрежелі орденімен наградталған.
1995 жылы ТМД қатысушы мемлекеттерді Басшылары кеңесінің шешімімен «Кеңес одағының маршалы Г.К. Жуков», 2005 жылы Беларусь Республикасы Президенті атынан «60 год вызвалення Рэспублікі Беларусь ад нямецка-фашысцкіх захопнікаў» медалі тапсырылады.
Ата жұрты Қазақстанға оралған соң да ардагердің ерлігі елеусіз қалмады. Ол ҚР Президентінің жарлығымен "Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы», «Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 60 жылдығы» мерекелік медальдерін алды.
Жау оғынан қаймықпай, жанкештілікпен соғысып, жас ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған ардагерге Жеңістің 50 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ал Жеңістің 63 жылдығына орай Маңғыстау облысы әкімі Қырымбек Көшербаев арнайы құттықтау хат жолдаған.
Құрмаш ата тек соғыстағы ерлігі үшін ғана емес, бейбіт өмірді берекелі ете түскені, адал қызметі үшін 1983 жылы Небит-даг ет комбинатының, 1990 жылы Азық-түлік тауарларын сату жөніндегі қалалық бөлімнің құрмет грамотасымен, «Социиалистік жарыс жеңімпазы», «Ұзақ жылдардағы адал қызметі үшін» белгісімен және «10 жыл Астана» медалімен наградталған.
Ұлы Отан соғысына қатысушылар ең жоғары құрметке лайық. Қазір соғысқа қатысқандар да, тылда ауыр жұмыс атқарғандардың да саны сиреп барады. Біздің кейіпкеріміз Құрмаш Нұржаубеков 2009 жылы 83 жасында дүние салды.
Жеңіс күні Құрмаш Нұржаубековтің отбасы үшін соншалықты киелі, әрі қасиетті мереке. Ардақты әкенің бүгінде өзі болмаса да, әр Жеңіс күні портретін алып Мәңгілік алауға барып тағзым ету, «Маңгілік полк» сапында жүріп өту Нұржаубектер әулеті үшін ізгі дәстүрге айналған. Өйткені осы Ұлы Жеңіске айбынды жауынгер, ардақты ардагер, аяулы әке Құрмаш ата да өзінің елеулі үлесін қосқан...
Немересі Марат Нұржаубеков ұсынған
материалдар негізінде дайындалды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54870,54861,54867,54863,54868,54865,54864,54860,54859,54862"]