Бүгін саяси құғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Соған орай ақтаулықтар Жалау Мыңбаев пен Тобанияз Әлниязұлының ескерткішіне тағзым етті.
1997 жылғы 5 сәуірдегі Елбасы жарлығымен 31 мамыр саяси репрессия құрбандарын еске алу күні болып белгіленді.
Ескерткіш басына облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, облыс әкімінің орынбасарлары, үкіметтік емес ұйым өкілдері, жастар мен қала тұрғындары және құрбан болған азаматтардың ұрпақтары жиылды. Олар тұлғаларымыздың ескерткіштеріне гүл шоғын қойып, 1 минут үнсіздік жариялады.
–Қадірлі Маңғыстау халқы! Құрметті қариялар мен асыл аналар! Бүгінгідей бейбіт өмірге, тәуелсіздікке жету үшін қазақ халқы талай нәубет жылдарды, қилы замандарды бастан өткерді. Елінің бостандығы, халқының амандығы үшін күрескен ата- бабаларымыз ерлік рух пен елдік намыстың үлгісін көрсетті. Сол бір азалы жылдары қазақтың біртуар ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Сәкен Сейфуллиннен және тағы да басқа елім деген ерлерден айырылдық. Маңғыстаудың өзінде статистика бойынша 1929 жылы 35 мың халық, 1,5 млн.мал басы болған. 1939 жылғы есеп бойынша 24 мыңға жетпейтін халық, 25 мыңға жуық мал қалған. Зұлмат жылдар Қазақ еліне, даласына қайта оралмасын. Бүгінде көйлегіміз – көк, тамағымыз – тоқ. Елімізде бейбітшілік, амандық, тыныштық, бақ- береке болсын! – деді облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов.
Бұдан соң «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Магомед Лорсанов сөз алып, зұлмат жылдардағы қиын тағдыр жайлы аз-кем әңгімеледі. Енді ондай кезең тумай, келешек өмір тыныш, бейбіт заман болсын деген тілегін де жеткізді.
1930-1953 жылдар арасында 40 миллионнан астам Кеңес азаматтары репрессияға ұшырады. Заңсыз жазалауға ұлттың ірі, бетке ұстар тұлғалары ілінді. Осы тұста қазақтардың 40 пайызы мерт болған. 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді.
Жазықсыз жазаланған тұлғаларымызға ұрпақтары тағзым етіп, еске алу рәсімін театрландырылған қойылыммен жалғады. Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры қайраткерлер жайлы қойылымдарын көпшілік назарына ұсынып, олардың өмірін көз алдымызға әкелді. Патриоттық әндер орындалып, күй шертілді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54890,54891,54892,54901,54902,54903,54905,54906,54907,54908,54909"]