Бүгін республика көлемінде Елбасы қатысуымен "Нұр Отан" партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Кеңесте «Нұр Отан» партиясының жұмысын жаңғырту және Елбасының «5 әлеуметтік бастама» ұсынымы талқыланды. Мемлекеттік орган басшылары, облыс, қала әкімдері мен «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары аталмыш жобалар негізінде атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Бүгінге дейін қол жеткен табыстар мен алдағы жоспарды мәлімдеді.
Алдымен «Нұр Отан» партиясының төрағасы Мәулен Әшімбаев 2017 жылдың қараша айында өткен Саяси Кеңес отырысындағы партияны жаңғырту негізінде берілген тапсырмалар бойынша атқарылған жұмыстарды баяндады. Мемелекетік маңызы бар «Рухани жаңғыру», «Цифрлық Қазақстан» жобаларына сондай-ақ шағын және орта кәсіпті дамытуға ден қойылып, нақты жобалар жасалғанын жеткізді.
-Партиялық білім беру мектебі базасында саяси менеджмент академиясы құрылды. Партия төрағасының бұйрығымен партияны жаңғырту жолында 22 жаңа жоба қолға алынды. Бұл орайда халықтың өмір сапасын жақсарту мақсатында цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп, нәтижесінде «Атамекен» ҰКП бірлесіп цифрлық сауаттылықты арттыруға негізделген екі жоба жасақтадық. Партия тарапынан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Үш жыл ішінде оқушылардың бағдарламалау мен робототехниканы меңгеруі үшін тегін ІТ-сыныптар ашылу жоспарда тұр. Аталмыш сыныптардың жылына 150 мыңға жуық оқушыны қамтитын мүмкіндігі болмақ. Осы жылы еліміз бойынша 280 сынып ашу көзделді, ал қазірге дейін «Туған жер» бағдарламасының қолдауымен 59 мектеп Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы қалаларында ашылды. ІТ мамандарды дайындау үшін отандық ІТ компаниялар мен оқу орындарында 20 ІТ орталық ашпақпыз. Одан жылына 350 мың адамның білім алып шығуына мүмкіндік туады. Бұдан өзге шағын және орта кәсіпті дамытуға, денсаулық, білім беру салаларына арналған бірнеше жоба қолға алынды, - деді ол өз баяндамасында.
Төрағаның бірінші орынбасары Елбасы тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау үшін «Нүр Отан» партиясы барлық жұмыстарды жүйелі әрі тыңғылықты атқаратынына сенім білдірді. Партия ХХІ ғасырдың заманауи, жоғары технологиялық, инновациялық тиімді саяси ұйымы ретінде қалыптасуға бар күш жігерін жұмсайтынын жеткізді
Қазір мемлекет басшысы ел алдына үшінші жаңғыруды жүзеге асыру мақсатын қойып отыр. Осыған байланысты партияға да Қазақстанның жаңғыруына жүйелі түрде қатысу міндеттелді.
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалының төрағасы Әсет Исекешев қаланы дамытудың 5 жылдық жоспарына тоқталып, қала көлемінде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарды баян етті.
-Қаланы дамытудың 5 жылдық жоспары негізінде 440 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асу үстінде. Қала аумағында тұрғындарға 60 мемлекеттік қызмет түрін ұсынатын «Smart Astana» мобильді қосымшасы да тиімді болмақ. Бұрын дәрігерге көріну үшін емханаға хабарласып, барып бірнеше сағат жұмсайтын болсақ, қазір 2-3 минут қана талап етеді. Балабақшаға тіркелуге 5 күн қажет болса, қазір 5 минут жеткілікті. Халықтың күнделікті тұрмысына қажетті осы тәрізді бірнеше қызмет түрі жеңіл әрі жеделдетілді, - деді Әсет Исекешев.
Халықтың өмір сапасын жақсартып, ел ауқатын арттыруға бағытталған Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» да алдымыздағы жаңа межелерді анықтап бергені белгілі. Саяси кеңестің екінші бөлімі халық арасына тың серпін әкелген дәл осы бастамаға арналды.
-Ипотекалық несиенің ең жоғары пайызы 7 % аспайтын болды. Бұрын алғашқы төлем 50 % құраса, қазір 20 %. Сондай-ақ несиенің 10 жылдық мерзімі 25 жылға дейін ұзартылды. Яғни, халыққа барынша тиімді жағдай жасауды көздеп отырмыз. Осыны халыққа нақтылап түсіндіру қажет. Екінші мәселе – қала, аудандарымызда пәтер кезегінің көп болуы. Еуропада, Америкада мұндай кезекті байқамайсыз. Нарықтық экономикада мұндай мәселе болмауы да тиіс, себебі мемлекет тегін баспана беріп жатқан жоқ. Маған әлі күнге дейін зейнеткерлер, өзге де тұрғындар «Астанадан пәтер беріңізші» деп жазып жатады. Сөзімді тыңдап отырған партия өкілдеріне, әкімдерге осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын, - деді Елбасы өз сөзінде.
Осылайша Елбасы мемлекеттік жобалардың жүзеге асу дәрежесін, нәтижесін қоғамдық бақылау мүшелеріне міндеттеді.
-Бүгінгі Кеңесте партия жұмысын жандандыру және «5 әлеуметтік бастама» жобасы жан-жақты талқыланды. Олардың негізінде атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Айта кету керек, «5 әлеуметтік бастама» негізінде нақты тапсырмалар берілді. Енді соған орай әрбір облыста партия тарапынан қоғамдық бақылауды күшейту мәселесін қарастыратын боламыз. Себебі бұл – нағыз халықтың көкейінде тұрған мәселені шешуге арналған маңызды әлеуметтік бағдарлама. Алда партия жанынан қоғамдық кеңес құрмақпыз. Ондағы басты мақсат – қазір елде жүзеге асып жатқан реформалардың, мемлекеттік бағдарламалардың орындалысын қадағалау, одан бөлек халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, - дейді «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова.
Еліміздегі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші ретінде тың идеялар мен ұсыныстардың өзегіне айналуы «Нұр Отан» партиясының басымдылықтарының бірі.
Елбасы өзінің экономикалық, әлеуметтік, саяси және рухани саладағы саясатын тыңғылықты атқарып келе жатқаны үшін сөз соңында кеңес мүшелеріне алғысын білдірді.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="55039,55037"]