«Мерейлі отбасы» республикалық байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Жаңаөзендік Қалдамановтар отбасы сайыстың бас жүлдесіне иеленді. Үлгілі жанұя енді өңір абыройын республикалық деңгейде қорғамақ. Марапаттау рәсіміне барлық қатысушы отбасылар, өңір басшылары мен облыс халқы жиылды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов құттықтау лебізін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Биыл ұлттық байқауға қатысуға 25 жанұя өтініш білдірген. Олардың ішінен Бейнеу ауданынан Өміров Өтепқалидың жанұясы ІІІ орын, Маңғыстау ауданынан Озғанбаев Төреәлі әулеті ІІ орын, Қарақия ауданының Көшеновтер отбасы І, ал жаңаөзендік Қалдамановтар жанұясы Бас жүлдеге ие болды. -Сәуір айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы «Мерейлі отбасы» байқауының іріктеу кезеңі өтті. 17 мамыр күні қала әкімінің қабылдауында болып, біздің Қалдамановтар әулеті қала бойынша жеңімпаз атанғанын естідік. Бүгін облыстық іріктеудің соңғы кезеңіне келіп жатырмыз. Жаңаөзен қаласында іріктеуге 4 отбасы бақ сынаған. Байқауға қатысу барысында портфолио жинақтадық, еңбек өтіліміз, отбасылық жағдайымыз, отбасы құндылықтарының сақталуы ескерілді. Отбасында ата-анам, екі ұл, екі қызым, үш немерем мен екі жиенім бар. Жанұямыз ұстаздар династиясы, әулетіміздің басым бөлігі ұстаздық жолда еңбек етеді, - дейді байқау жеңімпазы Исенбай Қалдаманов. Исенбай Әбиұлы 1968 жылы дүниеге келген. 2016, 2017 жылдардың үздік кәсіпкері, ұлағатты ұстаз, «Дауымшар батыр және оның ұрпақтары» кітабының жарық көруіне ат салысқан, ҚР Білім беру ісінің Үздігі, меценат, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты. 2008 жылдан бастап «Каспий» педогогика және салалық технологиялар колледжін ашып, бүгінде колледждің басшысы қызметін атқарады. «Балапан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010 жылы 75 орындық «Каспий» балабақшасын, 2017 жылы «Каспий» зияткерлік мектебін ашқан. Қазіргі таңда Жаңаөзен қаласының 150 бастауыш сынып оқушысына білім беріп, жастардың спортпен шұғылдануына, ұлттық ат спортының дамуына үлес қосып жүр. ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 5/50 бағдарламасы берген мүмкіндік Айта кетейік, байқау осымен бесінші жыл ұйымдастырлып отыр. 2014 жылы облысымызда «Мерейлі отбасы» үздік аталымын Нұралы Құлышевтің отбасы иеленді. 2015 жылы Құлсариевтер жанұясы облыста да, республикада да топ жарып, Бас жүлде алды. 2016 жылы Құрмашев Алдабергеннің, 2017 жылы Қанжанов Тәуірханның әулеті Маңғыстаудың «Мерейлі отбасы» атанды. Аталған әулеттердің басым бөлігі спорт пен мәдениетті насихаттап жүрген жандар, көп балалы жанұялар. Байқауға қатысуға ниет білдіретін бір шаңырақ астында бірлігі жарасып, ата дәстүрді жалғаған әулеттер қатары жыл сайын артып келе жатқаны қуантады.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54770,54763,54769,54768,54767,54766,54765,54764"]