Кеше «Рауан» саяжайының тұрғындары су тапшылығына байланысты егіндерін суара алмай отырғандығын айтып, фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырған болатын. Редакциямызға да хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтауды өтінген соң, құзырлы орындарға хабарласып көрдік.
Ақтау қаласы әкімдігіне хабарласқанымызда, бұл жайтқа қатысты «Ақтау тұрғын үй» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Қанат Меңдалиев жауап берді:
-Бізде "МАЭК-Казатомпром" ЖШС-мен «Рауан» саяжайын суаруға байланысты белгіленіп, бекітілген график бар. Мекемеге өткен жылғы қарыздарды толық өтеп, келісім шартқа отырып, алдын-ала төлемін де жасағанбыз. Содан соң 12 сәуірде «Рауан» тұрғын-үй массивіне суаруға бойынша графикті бізге берді, ол бекітілді. Біз тұрғындардың өтініші бойынша судың жеткізілмеу себебін сұрағанымызда қала бойынша қысымның төмендеп кетуіне байланысты екенін жеткізді. Жалпы суару жұмысы аптасына екі рет жүріп отырады. Осы апта 22,23 мамыр күндері екі күн ғана су берілмеді. Алда 27,28 мамыр күндері суарылу керек, - деді ол.
Рауандықтар егінінің жайын ойлап, дабыл қағып жатқанда, қаладағы 28 шағын аудан тұрғындары да бірнеше күннен бері ауыз су жоқтығын айтып хабарласты. Жалпы бір мезгілде су тапшылығының жиі кездесуіне не себеп? Қысым төмендеуінен өзге бұл жағдайға не ықпал етті? Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Берік Ізғалиев былай жауап қатты:
https://www.youtube.com/watch?v=gV_C8nLsL90«Қала халқының бір күнде тұтынатын ауыз су көлемі – 30-35 мың текше метр. Яғни біздің 6 ай бойы ағашқа құйған суымызды қала халқы 5-6 күнде ғана ішіп отыр. Сондықтан су көлемінің, қысымның азаюуы суарумен байланысты деген ойдан аулақ болуымыз керек. Неге жетіспеушілік байқалып жатыр? Біріншіден, сыртқы ауа температурасының күрт ысуы тиісінше, судың көп көлемде тұтынылуына алып келеді. Қалада 70 мыңнан астам пәтер бар десек, оның барлығы бір уақытта суды пайдаланғанда, әрине, ол судың көлеміне, қысымына әсер етеді. Одан кейін бізде 14-18 мамыр аралығында келесі жылыту маусымына дайындық үшін қаланың жылу желілеріне гидравликалық сынақ жұмыстары жүргізілді. Сол кезде ыстық су 4-5 күнге ажыратылды. Оның орнына ауыз су пайдаланылды. Ол да бір әсер. Осының бәрі жинақталып келгенде қаланың жекелеген шағын аудандарында, оның ішінде жоғарғы қабаттарда халықтың жұмысқа баратын, жұмыстан келетін, ас әзірлейтін уақыттарында қысымның төмендеуіне алып келді. Оны қалай шешеміз? Қалада ауыз суды өндіретін жалғыз "МАЭК-Казатомпром" кәсіпорнымыз бар. Осы компания өздерінің қосымша резервтерін іске қосып жатыр. Ол да бір күнде бітпейді, бірнеше күн уақыт қажет етеді. Бүгін кешке және ертең қалаға жетпей тұрған су көлемін қосымша беретінін мекеме өкілдері мәлімдеді. Одан кейін суару жүйесіне де, халыққа да су жетіп, мәселе толықтай шешіледі деген ойдамыз. Дегенмен суару бойынша қалаға су жеткізуші компаниямен бірлесіп, тиісті графикті жасадық. Суару жүйесінің суы аз кетеді екен деп, күндіз-түні ашып қоюға болмайды. Себебі ол ауыз сумен бір жүйеде. Сондықтан суаруды халықтың суды тұтынбайтын уақытына қарай ығыстырған жөн».
Бөлім басшысының айтуынша, ертең су тапшылығы тоқтап, түйін шешілмек. "МАЭК-Казатомпром" ЖШС өкілі де бұл мәліметті растады. Қысымды күшейтсе, құбыр жарылу қаупі бар, сондықтан мамандар қосымша қондырғы іске қосқан.
-Біз қазір капиталды жөндеуде тұрған тағы бір су тұшыту қондырғысын іске қосып жатырмыз. Жөндеудегі құрылғының қосылып, жұмыс істеп кетуі де уақыт талап етеді ғой. Соны қосып, бүгін кешке, ертеңнен бастап су көлемі қосымша 10 мың текше метрге көбейтіледі. Нәтижесінде тапшылықтың орны толып, барлығына жеткілікті болады деп отырмыз, - дейді «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-і қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Қолғанат Нұржаубайұлы.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА