Ақтау қаласындағы №23 жалпы білім беретін орта мектеп үшін бұл жылғы «Соңғы қоңырау» салатанаты бұрынғыдан өзгерек. Өйткені оған облыс басшылығы, облыстық білім бөлімінің өкілдері қатысып, салтанатты шара әрі қарай мектеп қабырғансында ІТ сыныптың ашылу рәсіміне жалғасты.
ІТ кабинет Ақтау қаласы бойынша алғаш рет дәл осы мектепте ашылып отыр. Оқушылар кабинетте бағдарламаларды меңгеру сатысын бастап та кетіпті. Бүгін «Соңғы қоңырау» шарасынан соң облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеев кабинеттің лентасын қиып, жұмысымен танысты.
Алдымен қонақтарға мектептің 5 «Б» сынып оқушылары Төкенов Арсен мен Сексенбаев Ілияс «Scratch» бағдарламасы негізінде өздері дайындаған «Рикошет» және «Пинг-Понг» бағдарламасын таныстырды.
-«Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында мектебімізде ІТ кабинеті ашылды. Кабинет ашудағы басты мақсат – шәкірттеріміздің ойлау қабілетін жетілдіру, қызығушылығын арттыру. Ғылыми жобалармен жұмыс істеуге сандық технологияны тез әрі жетік меңгеруіне ықпал жасау. Өйткені қазіргі заман талабы солай. Мұнда оқушыларға жаңа технологиялық бағыт-бағдар беру арқылы мультимедиалық, анимациялық жүйелерді пайдаланамыз. Балалар өздері кейіпкерлерін қимылдату, жүргізу мақсатында команда береді. Яғни, алгоритмді құру арқылы көлікті қозғалысқа енгізу, тоқтату, бұру әрекеттерін орындайды. Осы компьютерлік бағдарламалар арқылы өз жобасын толықтай жасақтап, қорғай алады, - дейді ІТ кабинетінің меңгерушісі Назгүл Айтанова.
Биылғы оқу жылынан бастап «Scratch» бағдарламасы информатика пәні кітабына енгізілген. Ұстаздар 5-6 сынып оқушылары қыркүйек айынан бері ол бағдарламаны толық меңгергенін айтады. Енді алда «Python» бағдарламасы бойынша іс-жүргізуді зерттеп жатқандығын жеткізді.
Жазғы демалыс кезінде мектепте 5 информатика пәнінің мұғалімі үздіксіз қызмет етеді. Олар демалыс кезінде ІТ технология бағдарламаларын тегін оқытпақ. Бұл үшін арнайы 50 оқушының тізімі жасақталған.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="54512,54511,54509,54508,54519"]