Қазіргі таңда қоғамдық пікір туғызған жер мәселесі жан-жақты талқылауды, ой елегінен өткізуді қажет етеді. Шаруа адамы болғандықтан елдік мәселе мені де алаңдатып, толғандырады.
Толыбай түбегіндегі «Абылай- Есет» біріккен шаруа қожалығы ата кәсіпті берекелі нәсіп етіп келеді. Жылқы бағудан бастаған іргелі шаруашылығымызда бүгінде ойсылқара, зеңгібаба, шекшек ата тұқымы өсіріледі. Өткен жылы шаруашылықты кеңейтіп, мал басын көбейту мақсатында Ресейден 20-ға жуық ешкі мен Орал қаласынан 4 бас сүтті сиыр сатып алдық. Күтімге, баптауға алынған ірі қара мен ұсақ малдарға Германиядан әкелінген диірменнен өткізілген жем беріледі. Сондай-ақ, аталмыш мемлекеттен бір мезетте екі жылқыны саууға қауқарлы аппарат әкелдік. Қожалығымыздың керек-жарағы сақадай сай, техника атаулысының бәрі бар. Жылқыдан күніне алынатын 40-60 литрдей саумалды соңғы үлгідегі құрылғыда пісіріп, Сай- Өтес ауылына, аудан, облыс орталығына саттыққа және тапсырыс берген дүкендерге жөнелтеміз. Малдың азықтық жем-шөбін өзіміз дайындаймыз. Төрт түлікпен қоса егін егумен айналысатын қожалығымызда тауық, бөдене, үйрек пен қаз өсіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз.
Бүгінгі таңда шаруашылығымыздың иелігінде мемлекеттен жалға алынған 1500 гектар жер бар. Оның 500 гектар аумағын алып жатқан егістік алқабында жоңышқамен қатар қауын, қарбыз, қызанақ, қияр, картоп өсіреміз. Біз 5 жыл бұрын жалға алған жеріміздің мерзімі жуырда бітіп, 49 жылға ұзартуға қажетті құжаттарды тапсырып қойдым. Алғашында жерді жалға алу қиынға соғып, егін және мал шаруашылығына арнайы бизнес- жоспар жасап, құжаттар жинақтадым. Қазір жылдың төрт мезгілінде де Толыбай түбекте отырамыз. Жерді жалға алғанда да жауапкершілікті жете сезініп, тоздырмай күтіп пайдаланып келеміз. Мемлекет пен халықтың басты байлығы болып табылатын жерімізді құнарландырып, өнімділігін төмендетпеуіміз қажет. Шаруаның шырайын келтіріп, ел ырысын еселеуге құлшыныс танытқан жергілікті кәсіп иелеріне жер тегін берілуі керек деп есептеймін. Бірақ белгілі бір шарттар мен шектеу болғаны жөн. Балаларымның болашағы үшін ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді сатып алуға жұмыстанып жатырмын. Шаруа адам үшін ұрпақтан ұрпаққа қалатын жері болса, зор игілік емес пе ?!
Тұрлан ҰЗАҚБАЙ,
«Абылай-Есет» шаруа қожалығының басшысы.