©
Елбасымыздың ұсынысымен қолға алынып, бүгінде ауқымды да маңызды шара болып қалыптасып алған «Жасыл ел» бағдарламасы біздің ауданымызда да жалғасты. Бағдарлама тек табиғатты қорғау мен экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулуға да бағытталған. Елімізде 2008 жылдан бастап ірі жұмыстар атқарылуда. Бағарламаға 200 мыңдай адам ат салысып, 44 млн-дай ағаш отырғызылған.Өткен аптада «Жасыл ел» жастар жасағы маусымдық жұмысына кірісті. Биыл оның сапында 40 қыз-жігіт бар екен. Көпшілігі студенттер, жасы 16-ға толған мектеп оқушылары да бар. Осы бағдарламаны қолға алып, үйлестіріп отырған Жастар орталығының жетекшісі Гүлшат Бөлтенованың айтуынша, жастар негізінен тазалық жұмыстарымен және отырғызылған көшеттерді күтіп-баптаумен айналысатын болады.
-Жастар жасағына аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды көбірек тартуға тырыстық. Айына 40 мың теңге жалақысы бар. Биыл оларға арнайы тапсырыспен бір үлгідегі жұмыс формасын тіктірдік, - дейді Гүлшат.
«Жасыл ел» жасағының еңбек маусымының ашылуына «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының орынбасары Демеген Садықов, аудандық әкімдіктің Ішкі саясат бөлімінің басшысы Алмагүл Ордабаева қатысып, жасақ мүшелеріне табысты жұмыс тіледі. Сонымен бірге жасақ мүшелеріне облыс орталығынан келген Н.Жантөрин атындағы драма театрының гастрольдік қойылымына тегін билеттер берілді.
«Жасыл ел» жастар жасағының еңбек маусымы 1 айға созылады. Одан соң тағы бір айға жаңа жасақ жасақталатын болады.
Анар РАХИМБЕКОВА
Фотоға түсірген автор