Ақтау қаласында техникалық мұнай өңдеу және құрылыс саласының мамандарына арналған семинар өтті. Біліктілікті арттыру семинарына «Стандарттау және сертификаттау институты» мен «Қазақстан метрология институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорындары, «Ұлттық аккредиттеу орталығы» ЖШС, Стандарттау бойынша техникалық комитеті және Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мамандары дәріс оқыды.
Үш күнге жалғасқан семинарда қатысушылар халықаралық және мемлекетаралық стандарттау, Қазақстан Республикасындағы стандарттау, техникалық реттеуді нормативтік және ақпараттық қамту, менеджмент жүйесі және аккредиттеу, заңнамалық және қолданбалы метрология, Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы техникалық реттеу тақырыптары төңірегінде мағлұматтар алды. Минералды ресурстар академиясының корреспондент-мүшесі, Энергетика министрлігінің сарапшы-кеңесшісі Қазкен Оразалинаның бензин қоспасы, биоэталон, үлкен қысымда жұмыс жасайтын жабдықтау, газ құю бекеті және басқа да қондырғылар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауда қойылатын негізгі талаптарға тоқталды. Техникалық ғылым кандидаты, сарапшы-аудитор Қайрат Садыханов түрлі ғимараттар, құрылыс материалдары, әсіресе темірбетон және басқа да бетон бұйымдары, металл мен ағаш конструкциясы кезінде сақталуы тиіс қауіпсіздік шаралары жөніндегі тәжірибесімен бөлісті.
«Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» Маңғыстау облыстық филиалының директоры Марина Гаттитулинаның айтуынша, өндірушілерді өздерінің тауарын сыртқы саудаға экпортқа шығару мәселесі алаңдатады. Отандық өнімді шет мемлекеттердің нарығына шығару үшін Еуразиялық экономикалық одақпен бекітілген барлық тәртіп сақталуы тиіс. Растама үлгісі және декларацияның сәйкестігі, өзге рынокқа шығу жолдарының енгізілген тәртібі болуы керек. Ең бастысы өнімде сатылымға шығарылған өнімнің қауіпсіз екендігіне кепілдік беретін Еуразиялық экономикалық одақтың таңбаланған тауар белгісі болуы шарт. Бұл-бірінші кезекте тұтынушыларға қажет.
–Облысымызда көптеген кәсіпорындарды аралауға шығып жүрміз. Сонда байқағанымыз кәсіпкерлер дайын шикізат өнімдері мен қажетті қондырғыларды сатып алады да, өнімді шығарады. Ал тұтынушылар болса қоспасыз, таза өнім алғысы келеді. Кез-келген кәсіпорын өнімі өтімді болуы үшін бекітілген талаптарға сәйкес жұмыстануы керек. Көптеген кәсіпорындарда сапа, техникалық реттеу және менеджмент жүйесіне жауапты білікті мамандар тапшы. Кейбір мекемелерде бекітілген рецептура, техникалық нұсқаулар мен нормативтік құжаттар жоқ. Сол себепті компаниялар осы мәселелерге аса мән бергендері дұрыс,– деді Марина Гаттитулина.
Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған мәселелер бойынша мамандарға сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды.Семинар соңында «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» облыстық филиалының директоры Марина Гаттитулина 60-тан аса қатысушыға сертификат табыстады. Оның айтуынша, биыл еліміз бойынша өнеркәсіптің 14 секторында 1300 қызметкер техникалық реттеу, стандарттау, сәйкестікті бағалау, аккредиттеу, метрология сипаттамалары және негіздері бойынша біліктілігін жетілдірді.Осымен екінші жыл ұйымдастырылған семинар келесі жылы да жалғасын тауып, тамақ өнеркәсібі және автомобиль жолдарына арналмақ.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ