©
Өткен жұма күні, облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ғимаратында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өткен «Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
Ұлттың басты қазынасы – ана тілді қаламына арқау етіп, елдік мәселені көтеріп жүрген журналистердің еңбектері еленіп, марапатқа бөленді. Тіл мәселесіне немқұрайды емес тілшілердің жұмыстарын ҚР білім беру ісінің үздігі Қойлыбай Қаражанұлы бастаған әділқазылар алқасы бағалады.
- «Мемлекеттік тіл және БАҚ» республикалық байқаудың облыстық іріктеу кезеңін жыл сайын өткізу дәстүрге айналған. Сайысқа қатысуға 15-тен астам журналист ниет білдірді. Мемлекеттік тілдің жай-күйі, келешегі толғандыратын тілшілерді анықтап, оларды үлкен мәселелерді көтеруге ынталандыру – байқаудың басты мақсаты болды,-деді облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының басшысы Гүлзайда Төлеуғалиева. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік мақала» номинациясында «Маңғыстау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Анар Шамшадинова, «Үздік телеарна бағдарламасы» номинациясында «Қазақстан» РТРК» АҚ телеарнасының меншікті тілшісі Нысаналы Ығыл және «Үздік радио бағдарламасы» аталымында «Қазақ радиосының» меншікті тілшісі Айман Нұрмағанбет жеңіске жетті. Ал, «Маңғыстау» облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшілері Венера Мирлан мен Ханым Қуат, «Жаңаөзен» аудандық газетінің тілшісі Жазира Ақбергенова, «Қарақия» аудандық газетінің тілшісі Жалғас Айтқұлов «Алғыс хаттарға» ие болды. Жеңімпаздардың жұмыстары енді республикалық байқауға жіберіледі.
Х.ОРЫНБАЙҚЫЗЫ Суретті түсірген автор