©
Кеше "Безбен" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Стартап» облыстық байқауының жеңімпаздарын салтанатты түрде құттықтау рәсімі өтті.
Кәсіпкерлік бастамасы бар жастар арасында «Стартап» облыстық байқауының жеңімпазы Бекбасова Әдемі Орынғалиқызы марапатталды. Әдемі Орынғалиқызы «Шипалы қолдар» деп аталатын жобасын Бейнеу ауылында жүзеге асырмақ.
- Мен тумысынан БЦП (ДЦП) ауруына шалдыққан балаларға көмектескім келеді. Жаңа туылған нәрестелердің көбі аурушаң, массажға мұқтаж. Сол себепті Бейнеу ауылында массаж орталығын ашуды көздедім. Кәсібімнің «Шипалы қолдар» деп аталуы содан. Бизнес жоспар құрып, қаржылай көмек көрсетіп отырған Жастар саясаты мәселері басқармасына ризамын, - дейді Әдемі Орынғалиқызы.
Байқаудың тағы бір жеңімпазы – Сейдахметова Гүлзия Жетекбайқызы. Оның «Заманауи үлгідегі тұрмыста сәнге айналған оюлы терезе жабындарын тігу және той бастар, той тартуларын тігу» деп аталатын кәсібі Қызылөзен ауылында дамитын болады.
Келесі бір «Стартап» байқауының жеңімпазы - Төреханова Фариза Кеңшілікқызы. Фаризаның «Қолөнерді жаңарту» жобасы Ақшұқыр ауылында жүзеге асырылады.
«Альфа Банк» Ақтау филиалының директоры Александр Рагулин жас кәсіпкерлердің бизнесін қолдау бүгінгі таңда өзекті деп есептейді.
- «Стартап» байқауының ерекшелігі – шалғай аудандардағы жас буынды демеу. Жаңа кәсіпкерлер ауылда тұрып, өз кәсібін жандандырса, жанындағыларға жақсы әсер етеді. Қаладан алшақ жатқан ауылдардағы жастардың кәсіпте сауатты болуы, мотивация танытуы – біздің банк үшін маңызды. Қазір банк филиалы тек қалада орналасқанымен, алдағы уақытта шалғай аудандарға орталық ашу жоспарда бар, - дейді А. Рагулин.
Облыстық Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Мирлан Сақтағанұлының айтуынша, «Стартап» байқауына ауыл-ауылдан 30-дан аса қыз-келіншектер мен ер азаматтар қатысқан.
- 8 Наурыз мерекесі қарсаңында кәсіпкер арулардың табанды еңбегін бағалауымыз керек. Бұл жоба жастар арасында кәсіпкерлерлікті дамытуға арналған. Байқаудың негізгі идеясы - жаңадан кәсібін бастауды көздеп жүрген шалғай ауылдағы жастарға мемлекет тарапынан кәсіби сауатын ашуға мүмкіндік беріп, кейін қаржылай демеу беру, - дейді Мирлан Сақтағанұлы.
Мереке қарсаңында 3 жеңімпазға «Альфа Банк» демеушілігімен қаржылай сыйлықтар үлестірілді.
Айгүл ДӘДЕН