©
Кеше Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін жолдады. Осыған байланысты бүгін Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов облыс активімен кездесті.
Аймақ басшысының төрағалығымен өткен жиынның мақсаты – Елбасының бес әлеуметтік бастамасын облыс тұрғындары арасында жүйелі түсіндіру. Басқосуда бастамаларға жеке-жеке ден қойылып, облысымызға қатысты тұстары талқыланды. Тиісінше әр сала бойынша құзырлы органдарға міндеттер жүктелді.
Бірінші бастама – әрбір отбасының баспана алу мүмкіндіктерін кеңейту. Өткен жылдың өзінде 18% өсіммен 833 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 7 мың отбасы баспаналы болды. Ал осы жылы 916 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беру жоспарда. Қазіргі таңда облысымызда бір тұрғынның баспанамен қамтылу көрсеткіші 23 шаршы метр.
Халықты баспанамен қамту мақсатында, тұрғындар үшін ипотекалық несиенің қолжетімділігін қамтамасыз ететін «Жеті - Жиырма - Жиырма бес» бағдарламасы қабылданады.
«Бағдарлама жұмыс істейтін әрбір қазақстандықтарға келесідей шарттар бойынша теңгемен несие алуға мүмкіндік береді. Несие өсімінің мөлшерлемесі қазіргідей 14-16 емес, жылына 7 проценттен аспайтын болады. Бастапқы жарнаға қазіргі 30-50 проценттен 20 процентке дейін азайтылады. Несие алушының ай сайынғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 жылдан 25 жылға дейін ұзартылады», - деді облыс басшысы.
Сондай-ақ бағдарламаның тиімді және сапалы іске асуын қамтамасыз ету үшін екінші деңгейлі банктер, құрылыс мекемелері, шағын және орта бизнес өкілдерінен құралған жұмыс тобын құруды тапсырды.
Екінші бастама. Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбек ақысын көбейту үшін олардың салықтық жүктемесін азайту.
Салыстырмалы түрде төмен жалақы алатын қазақстандықтарды қолдау үшін 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесі 10 есеге азайтып, 1 процент қана болмақ.
«Бұл айлық жалақысы 25 есе айлық есептік көрсеткіштен төмен (60 125 теңге) қызметкерлерге қатысты. Біздің облыс бойынша, статистикалық ақпаратқа сәйкес, 250 мың жалдамалы қызметкерлердің ішінде 22 мыңнан астам адам осындай төмен жалақы алады», - дегенді айтты аймақ басшысы.
Үшінші бастама. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту.
Бұл үшін 2018-2019 оқу жылында республика бойынша бұрынғыдан 20 мың грант артық бөлінбек. Бұған дейін бұл көрсеткіш 54 мың болған.
«Білім беру саласында алдымызда тұрған өзекті мәселенің бірі – студенттерді жатақханамен қамту. Облыста 26 техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында барлығы 21 792 студент білім алуда. Жатақханамен қамтылғандар саны 442. Ал жатақхана қажет ететіндердің жалпы саны – 1 675. Бейнеу политехникалық колледжі жанынан 200 орындық жатақхана салуды қаржыландыру мәселесін де қарастырғанбыз. Білім және ғылым министрлігіне ұсынылып, министрлік тарапынан қолдау тапты», - деді Ералы Тоғжанов.
Осы орайда өңір басшысы білім басқармасына, Ш.Есенов атындағы университетке тиісті өкілетті органдармен бірлесіп жатақхана тапшылығын шешу жолдарының барлық тетігін қарастыруды тапсырды.
Төртінші бастама. Шағын несие беруді көбейту.
Биыл қазақстандықтарға берілетін шағын несие былтырғымен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге артады. Нәтижесінде кәсіппен айналысатындар қатары екі есе артпақ. Биыл бюджеттен барлығы 2 млрд. теңге бөлініп, шамамен 500 адамға несие берілмек.
Бесінші бастама. Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру.
Қазіргі таңда біздің өңір үшін жаңадан тұрғын үйлер салынатын жер телімдерін газбен қамту мәселесі өзекті. Оған бюджет қаржысынан бөлек «КазТрансГазАймақ» компаниясының да қаржысы тартылуда.
Елбасының аталған бес бастамасы ел экономикасының одан әрі дамуына бағытталған. Осыған орай жиынға қатысушы әр сала өкілі мінберге көтеріліп, өз ойларын білдірді. Солардың бірі – ұстаз Сандуғаш Сағындықова.
- Елбасының 5 әлеуметтік жобасын ұстаздар қауымы мұқият тыңдап, қызу талқыладық. Соның ішінде жүрегімізге жақыны – жастарға жасалып жатқан жағдай. Білім саласы болашақта мықты кадрлармен толығатынын білемін. Елбасының жолдауы бойынша, 1 қаңтардан бастап жаңартылған білім мазмұнына сәйкес оқыған ұстаздардың жалақысы 30 пайызға артты. Бұл біз үшін өте үлкен қуанышты жағдай болды. Олардың қатарынан өзім де табыла білдім, - дейді ризашылығын білдірген ол.
Жиын соңында облыс әкімі барлық өкілетті органдарға Үндеуде көрсетілген шараларды тиімді, уақытылы және сапалы жүргізуді тапсырды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ