Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастырған мерекелік шара осылай аталды. Оған Маңғыстау облысының этномәдени бірлестігінің өкілдері арнайы шақырылып, сый-құрметке бөленді. Арнайы жайылған ақ дастарқан басында айтылған тілектер мен жылы сөздер, сый-сияпаттың барлығы аруларға арналды.
Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Амангүл Әбдіғалиқызы Ассамблея құрамындағы қыз-келіншектерді құттықтап, лебізін білдірді.
- Маңғыстау облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы ана, әпкелерімізді, сіңлілерімізді ақ дастарқан жайып, құттықтап жатырмыз. Бұған отыздан аса өзге ұлт өкілдерінің өкілдері қатысып отыр. Жалпы облыстық ассамблея құрамында 60-қа жуық қыз-келіншектеріміз бар. Олардың барлығы қоғамға өздерінің үлесін қосып жүрген белсенді арулар. Мұндай мерекені жыл сайын өткіземіз. 8 наурызда бір-бірімізге деген ыстық ықыласымызды, атқарған жұмыстарға ризашылығымызды білдіріп, марапаттаймыз. Барлық әйелдер қауымын алдағы мейраммен шын жүректен құттықтаймын, - деді Амангүл Әбдіғалиқызы.
Айта кетейік, облысымызда 20 этномәдени бірлестік бар. Соның алтауын әйелдер басқарып отыр. Олардың барлығы мерекелік шараға шақырылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА