©
Өңірде барлығы 138 000 бас ірі қара мал, 366 000 бас ұсақ мал – барлығы 504 000 бас мал бар. Бұл туралы ауыл шаруашылығы саласының тауар өндірушілері мен инвесторлары бас қосқан жиында Серік Сырымұлы Қалдығұлов мәлімдеді.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Серік Сырымұлы 2017 жылмен салыстырғанда мал саны өлкемізде едәуір өскенін айтты. Оның айтуынша, ірі қара мал саны 16 897 бас болып, 12,9% -ға өскен.
- Қой – 278 553 бас болып, 1,3%-ға өсті, ешкі – 86 653 бас болып, 9,7%-ға өсті, жылқы – 65 414 бас болып, 4%-ға өсті, түйе – 54 491 бас болып, 2,9%-ға өсті, құс – 36 481 бас болып, 25,8% өсті, - деген статистика айтады Серік Сырымұлы.
Мал басының қала және аудандардағы бөлінісін қарап отырсақ, ең жоғары орынды алдымен Маңғыстау ауданы, екінші орынды Бейнеу ауданы алып отыр. Ал Түпқараған мен Қарақия ауданындағы мал басының саны 60 мыңнан асады.
Сонымен, мал басының қала және аудандарға бөлінісі төмендегідей: Ақтау қаласы – 1 417 бас, Жаңаөзен қаласы – 6 149 бас, Бейнеу ауданы – 130 209 бас, Қарақия ауданы – 65 607 бас, Маңғыстау ауданы – 212 594 бас, Мұнайлы ауданы – 19 346 бас, Түпқараған ауданы – 66 686 бас.
- Маңғыстауда мал шаруашылығы үшін шөптің қоры толықтай шешілген. 2017 жылғы шабындық бойынша 50,0 мың тонна пішен дайындау жоспарланып, 51,2 мың тонна ірі сояулы шөп жиналды, болжамдалған көлем 102% болып орындалды. 2018 жылы да осы қарқынмен жұмыстар жүргізіледі, - дейді Серік Сырымұлы.
Айгүл ДӘДЕН