©
Мұнайлы ауданы Батыр ауылдық округінде 15 гектар жерге құс фабрикасын салуды жоспарланып отыр. Құс фабрикасы құрамында әрқайсысы 50 мың бас балапаннан 2 корпус және әрқайсысы 70 мың бас ірі тауықтар өсірілетін 8 корпус салынады. Бұл туралы «Маңғыстау Құс» ЖШС басшысы Айдар Алпысов мәлімдеді.
Оның айтуынша, келешекте құс фабрикасы жылына 143 млн дана жұмыртқа өндіретін болады. Құс фабрикасын салуда жер алу мәселесі шешілген. Құс жемі үшін шикізат темір жол арқылы тасымалданады. Арпа-бидай солтүстіктен әкелінсе, жүгері мен шемішке оңтүстік өңірден келеді.
- Егер құс фабрикасы іске қосылса, 70 мың тауық тәулігіне 60 000 дана жұмыртқа бере алады, - дейді Айдар Алпысов.
Жылына облыс тұрғындары 93 миллион тауық жұмыртқасын қажет етсе, жергілікті құс фабрикасы арқылы қажеттілікті толтыра аламыз, - деп атап өтті облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
«Маңғыстау – ҚҰС» ЖШС басшысы, жаңа туылған нәрестеден бастап үлкен кісілердің өзі жылына 230 жұмыртқа жеуі керек деп есептейді.
Айта кетейік, жылына 143 млн дана жұмыртқа өндіретін фабрикасына 5,100 млрд теңге инвестиция құйылады. Ал құс фабрикасы іске қосылған кезде, жаңа 50 жұмыс орны ашылады.
Айгүл ДӘДЕН Суретте - Маңғыстаудағы "Экзотикалық құстар әлемі" фермасы, түсірген Талант ҚҰСАЙЫН