Бүгін Маңғыстау облыстық кітапханасында «Ұлттық киім – ұлт мақтанышы» атауымен танымдық кеш өтті. Мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді насихаттау, оларды ұрпақ жадында қайта жаңғырта отырып, эстетикалық тәрбие беру.
Оған кітапхана ұжымы, студенттер мен оқушылар қатысты. Сондай-ақ «Тәрбия» сән үйінің Ақтау қаласындағы меңгерушісі Қарамурзина Гаухар Оңдабайқызы арнайы шақырылды. Ол сән үйінің өнімдерін таныстырып, болашақ тігіншілерге өз кеңестерін берді. Қатысушылар, әсіресе, тігінші мамандығын оқып жатқан жастар тігінге, дизайнға қатысты сұрақтарына жауап алды.
Сән үйі меңгерушісінің айтуынша, бүгінде ұлттық киімге деген сұраныс жоғары. Киімнің барлық түріне тапсырыс бір деңгейде. Себебі қазіргі таңда көпшілік бұрынғы нақышта киінгенді ұнатады, ұлттық киімге деген көзқарас өзгерген дейді ол.
"Сонымен қатар арнайы тігінші мамандығын оқымаған, бірақ қабілеті бар жандар да сән үйінің тағылымдамасынан өтіп, тіпті жұмысқа тұру мүмкіндігіне ие бола алады, - дейді Гауһар. - Бізде қолынан іс келетін қаншама қыз-келіншектеріміз тәжірибеден өтіп, бірнеше жыл қызмет те жасағандар бар. Артынша өздерінің жеке істерін ашқандар да болды. Әрине, егер таланты, қиялы ұшқыр, тігуді жақсы білетін болса, неге жұмыс істемеске?! Өнімнің сапалы болуы мамандарға да байланысты ғой».
Болашақ ұрпақ ұлттық киімнің қадір-қасиетін түсініп, заманға лайықтап киіп жүрсе, сәнге айналдырса нұр үстіне нұр. Аталмыш шара да осындай ойды діттеді. Түрлі нақыштағы ұлттық киімдерді киіп келген оқушылар мен студенттер өз өнерлерін ортаға салды. Ұлттық аспаптың сүйемелдеуімен ән салып, күй шертті.
Айта кетейік, танымдық кеш «Алғыс айту» күнінен бастау алған бір айлық шара аясында ұйымдастырылды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49431,49429"]