Белгілі ғалым, мифолог, өлкетанушы, этнограф Серікбол Қондыбайдың туғанына биыл 50 жыл. Тағдыр тауқыметін тартып жатса да, қазаққа өшпес мұра қалдырған оның есімі мәңгілікке жадымызда қалды. Ірі тұлғаның көп еңбектері Маңғыстау өңірінің жер қойнауындағы тылсым сырды ұғынуға арналды. Сол себепті қасиетті өлке өр ұлын еске алу үшін 2018 жылды «Серікбол Қондыбай жылы» деп атапты.
Жақында «ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Серікбол Қондыбай мұраларын жалпы білім беретін мектептерде оқытудың әдістемелік негіздері» тақырыбында облыстық ғылыми-әдістемелік семинардың ашылу салтанаты өтті. Бұл шара тумысынан ерек ғалым, жерлесіміз Серікбол Қондыбайдың биыл 50 жылдық мерейтойының бастауы ретінде ұйымдастырылды.
Шараның кіріспе сөзін «Өрлеу» БАҰО» АҚ Маңғыстау филиалы директоры Индира Таумышқызы бастады:
- Ғұмырының жартысын қазақтың тарихын, мәдениетін, салт-санасын жаңғыртуға арнап, сүбелі үлес қосқан және түбегейлі зерттеуде зор еңбек еткен қазақтың мифолог, өлкетанушы, географ, публицист, этнограф ғалымы Серікбол Қондыбай биыл көзі тірі болғанда 50-ге толар еді. Ғылыми шығармашылығы қазақ мәдениетінде ерекше рухани кеңістік құрайтын, мақсаты Маңғыстау аймағының этногенезистік түп-тамырына тереңдеуге арналған, қазақ ғылымындағы біртуар тұлға, ел мен жердің тарихы мен мәдениетін кешенді зерттеудегі жаңа құбылыс – С.Қондыбайдың ғылыми мұрасын кешенді сипатта игерудің маңызы зор. Ерекше талантымен талайды тамсандырған Серікбол Қондыбай шығармашылығын өскелең ұрпаққа таныту, оның өмірін жастарға үлгі ету мақсатында осы кезеңге дейін біздің институтымызда араға жылдар салып жақсы мазмұнды шаралар ұйымдастырылып келді. Біздің бүгінгі өтіп жатқан «Серікбол Қондыбай мұраларын жалпы білім беретін мектептерде оқытудың әдістемелік негіздері» атты облыстық ғылыми-әдістемелік семинарына сәттілік тілеймін, - деді ол.
Семинарды ұйымдастырушы, модератор Балкенже Ақбердыева:
- "Әр халықтың, мәдениеттiң, дiннiң өз мифi бар. Тек осы мифтiң танымал болу дәрежесi әр халықта әр түрлi. Бiреулер оны дамыған күйiнде сақтай алса, екiншiлерi оны сақтай алмаған, ал үшiншiлерi өздерiнiң тiлiндегi, фольклорындағы, мәдениетi мен өнерiндегi мифтi танып, таба алмайды" дейдi Серiкбол. Бiз тақырыбымызға арқау еткелi отырған Серiкбол Қондыбайдың қазақтың тiл санасын, тiл рухын, тiлдiк мәнiн қалпына келтiруге, қайта жаңғыртуға жасаған батыл қадамының жемiсi – «Арғы қазақ мифологиясы» атты төрт кiтаптан тұратын еңбегi шешуiн таппай жүрген осындай көптеген мәселелерге жауап беретiнi сөзсiз.
Семинарға Маңғыстау географиясынан, тарихынын мектепте сабақ беріп жүрген ұстаздар мен серікболтанушы ғылыми қызметкерлер қатысты.
Сонымен, семинар барысында С.Қондыбайдың апасы Балсұлу Қондыбай Мерейтой қарсаңында өтетін шаралар легімен таныстырды. Атап айтсақ, биыл қалалық ғылыми жұмыстар байқауы, жас ақындар мүшайрасы, "Үздік тәрбие сағаты" байқауы, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция, танымдық-зияткерлік сайыстар т.б. өткізу жоспарда бар.
Семинарда студенттер мен оқушылар ғалымға арнаған өлеңдерінен үзінді оқыды.
Серікболтанушы ғалым Мұрат Ақмырзаев:
- Оқытушылар мектептерде Серікбол Қондыбай шығармашылығынан сабақ бергенде, ең үлкен кедергіге тап болады. Ұстаздардың басты кемшілігі – өз пәнін жетік білмей, өзгелерге үйрету. Яғни, Серікбол Қондыбай кітаптарын толық оқымай тұрып, өзгеге сабақ беру мүмкін емес. Серікболдың 16 томдығы, ең негізгі кітаптары Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе», «Есен-қазақ», «Арғықазақ мифологиясы», «Маңғыстаунама» кітаптарын түйсініп оқу жеткілікті. Осында отырған серікболтанушы азаматтардың алдында үлкен жауапкершілік болуы тиіс, - деп сөзін түйіндеді.
Инновациялық дамыту әдістемелік қамтамасыз ету бөлім басшысы А.С. Тулегалиев өңірлік оқулықтардың қатарында С.Қондыбайдың "Маңғыстау георграфиясы" оқулығын шығаруда институт тарапынан жасалған жұмыстар туралы айтып өтті.
Маңғыстау облыстық мемориалдық музейінің директоры Рима Бердиева мұражайдың жұмыстарымен оның ішкі тақырыптық-экспозициясымен таныстырып өтті.
С.Қондыбай атындағы №22 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жұлдыз Батырова мектепте Серікболдың туғанына 50 жыл толуына орай өткізілетін шаралар кешенімен таныстырып, жасалып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Серікбол атындағы мектептің лингвистикалық бағытта жұмыс жүргізіп, Серікбол армандап кеткен қазақ мифтік-лингвистикалық мектебіне жетудің алғашқы қадамдары жасалып жақанын тілге тиек етті.
Ал модератор, серікболтанушы ғалым, ұстаз Балкенже Ақбердыева:
- Серiкбол – құбылыс. Құбылыс болғанда, дәл бүгiнгi бiз өмiр сүрiп отырған уақытта болмай қалуы, тумай қалуы мүмкiн емес, нағыз танымдық қажеттiлiктен, рухани шөлдеуден (тарихта мұндай құбылыс «тоска по гению» деген атаумен берiлгендiгi белгiлi) келiп туған құбылыс. Себебi заман ағымының белгiлi бiр кезеңi өзiнiң бойына мыңдаған идеялардың жаңаша трансформациясын жинаған феномен, идеал, дара тұлғаны жарыққа шығарады, ол кенеттен пайда болмайды, аталған қасиеттердiң бәрi жинақтала келе, жоғарыдағы Ұғанның (Жаратушының) құдiретiмен бiр «нүктеге» тоғысып, белгiлi бiр жан иесiне берiледi, яғни Серiкболды осылай таңбаланған, белгiленген, Жоғары құдiреттiң адамдарға жiберген елшiсi деп қабылдауға тиіспіз, - деген ойын ортаға салды.
3 күнге созылған оқу семинары бүгін аяқталуға жақын. Серікбол Қондыбайдың ұшан-теңіз еңбегімен таныс болған мектеп ұстаздары, ғылыми жұмыспен айналысушы мамандардың сұрағы аз болған жоқ. Бастысы Серікбол Қондыбайдың ғылыми әлеміне ену үшін оқу-ізденіспен қатар, үйренушінің жеке ойы мен тұжырымы қалыптасуы керектігін түсінгендей болдық.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49462,49460,49399,49400"]