Кеше Ақтауда Internews компаниясының Медиасаланың болашағы жайындағы шеберлік сағаты өтті. Тренингке БАҚ жетекшілері, продюсерлер, журналистер, блогерлер мен медиазаңгерлер қатысты. Оларға «ТВ-ға, сайттарға және әлеуметтік желілерге арналған жаңа бейнеформат» тақырыбы бойынша Бейсен Құранбек пен Ержан Сүлейменов, «Газет пен интернеттегі сторителлинг» жөнінен Ольга Каплина мен Евгений Дробязко дәріс өтті. Шеберлік сағатына қатысушылардың барлығы арнайы сертификатқа ие болды. Шара соңында елімізге белгілі журналист, тележүргізуші Бейсен Құранбекті тығыз уақытына қарамастан аз-кем сөзге тартқан едік.
- Бүгінгі мұнда келгендегі мақсатыңыз қандай?
- Мен әдетте уақыттың тығыздығына байланысты журналистикаға қатысты дәрістермен, сабақтармен шетке шықпаймын. Бұл жолы «Internews» компаниясындағы бұрын «Хабар», «31» арналарында бірге қызметтес болған достарым Ержан Сүлейменов пен Ольга Каплинаның ұсынысы бойынша бір күнге арнайы келдім. Ондағы мақсат – журналистерге қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар, жаңа трендтер туралы айту. БАҚ туралы заңдағы өзгерістерге қатысты және журналистиканың даму барысы, негізі жайындағы шара өтті. Бұл шара бір күн бойына, ертеден қара кешке дейін созылды. Жергілікті журналистер қызығушылық танытқанына қарағанда өте маңызды болды деп ойлаймын. 150-ден астам адам қатысты. Мұнда келген Ольга Каплина болсын, Ержан Сүлейменов, Евгений Дробязко болсын журналистика саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп, талай жылдар тәжірибе жинаған білікті мамандар және үйрету ісі бойынша да республикадағы алдыңғы компания. Сондықтан ол кісілермен бірге келіп, өзімнің кішкене де болса тәжірибеммен бөліскеніме қуаныштымын. Егер жергілікті журналистерге пайдалы бір дүние бере алсақ, олар кездесуден алған білімдерін өздерінің кәделеріне жарата алса, онда біздің түскі асқа да қарамай бүгінгі шараны өткізгеніміз бекер кетпеді деп санаймын.
- Газет-журнал өкілдері салмақты сараптамалық материалдарды майын тамызып тұрып жазады. Дегенмен оларға қарағанда жеңіл-желпі сайттардың оқырманы басым боп кетіп жатыр. Бүгінгі жиналған аудиториядан нені байқадыңыз? Журналистердің ойы қандай екен?
- Жалпы «Журналистиканың, газет, радионың, телевидениенің болашағы бар ма, жоқ па? Біз осы не істеп жүрміз?» деген сұрақ сала өкілдерін көбірек толғандырады. Журналистердің бірі мұның алдында «Astana Media Week» форумында газеттің, телевизияның болашағы жоқ деген әңгіме айтылғанын айтты. Бірақ бүгінгі кездесуде егер мультимедиалық жаңалықтарды пайдаланса, олардың өлмейтіні, өз орнын табатыны, мәңгіге қалатыны туралы әңгіме қозғалды. Дұрыс айтасыз, үстірт, жеңіл дүниелерге қазір қызығамыз, бірақ мұның бәрі уақытша ғана. Елге сапалы, пайдалы, терең дүниелер керек болады. Бұған келеміз деп санаймын.
- Бүгінгі мастер-класта айтылған дүниелерді, мұнда алған азығын қатысушылар қайда, неге пайдалана алады?
- Бұл жерде нақты білімдер берілді. Әлеуметтік желіні қалай пайдалану керек, кез келген сайттың жұмысын қалай жандандыру керек? Немесе телевизияда басты кейіпкерді қалай таңдау керек, бейнелерді қалай пайдалану керек деген сыңайлы да өте көп пайдалы дүниелер жайында қарапайым кеңестер берілді. Егер соны қайтадан зерттеп, қарап, ізденіп, өздерінің қажетіне жарататын болса, жергілікті журналистердің біліктілігі артары сөзсіз.
- Маңғыстаулық журналистерден кімдердің жұмысын жоғары бағалайсыз?
- Жергілікті журналистерден телеарнаның басшысы Әнуар Бимағамбеттен бастап, телеарнада жүрген іні-қарындастарымды танимын. Басқа да аты республикаға танымал бауырларым бар. Фейсбук желісіндегі кісілерді үнемі оқып тұрамын. Бүгін де бір адамды мысалға келтірдім, Қуаныш Еділхантегі деген азамат бар. Ол кісі Бейнеуде тұрады, мамандығы – сәулетші-құрылысшы. Бірақ әлемде болып жатқан жаңалықтарды айтып тұрады. Мен ол кісіні үнемі оқимын. Сұлтан Қадыр деген ағамызды оқып тұрамын. Маңғыстау жері қашан да таланттарға бай болған ғой. Бірақ осы мультимедиалық мүмкіндіктерді пайдаланып, одан да әрі аттарын шығарып, елді, жерді, жұртты таныстыруға мүмкіндіктер мол деп санаймын.
- Мастер-класс өзге қалаларда жалғасады ғой?
- Бұған дейін Шымкентте болған. Басқа өңірлерде жалғасады. Бірақ мен осы Маңғыстауға ғана келдім, өкінішке қарай басқа жерлерге бара алмаймын.
- Маңғыстау қалай қарсы алды? Бұл өңірдің сіз үшін қандай ерекшелігі бар?
- Маңғыстауды мен өте жақсы көремін. Былтыр көрісу мейрамына арнайы келгенмін. Өте қасиетті мекен ғой, әулиелер мекені. Бұл жерге келгенде адамдармен де тез тіл табысамын, достарым да бар. Сондықтан Маңғыстауға мен өз үйіме, өз жеріме келгендей сезінемін. Уақыт аз болғандықтан, келіп-кететініміз, көп бола алмайтынымз өкінішті. Бір асықпай келіп араласам деп армандаймын. Барлық Маңғыстау жұртына жақсылық тілеймін!
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46811,46810,46809,46808,46807"]