Бұрын жасы ұлғайған кісілерде ғана кездесетін және көбінесе өңешті зақымдап, «қылтамақ» аталып кеткен онкологиялық аурулардың түрлері көбейді. Бүгінде 30-40 жас аралығындағы азаматарды да шарпыған қатерлі ісік балалар арасында да таралып жатыр. Обыр ауруының күн өткен сайын өзекті бола түсуініің бір себебі де - осы.
«Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы «Денсаулық» сараптама комиссиясының бірінші отырысында «Аймақтағы онкологиялық ауруларға байланысты мәселелерді шешу жолдары» қарастырылды. Оны комиссия төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев ашып, жүргізіп отырды.
Облыстық онкология диспансерінің директоры Нұрлан Жариев емдеу мекемесінің жай-жапсарын баяндады.
- 2015 жылдың қазан айынан бүгінгі таңға дейін диспансердің жағдайын оңалту бойынша көптеген жұмыстар тындырылды, - деді ол. - 2012 жылдан бері шешімін таппай келген 130 миллионнан астам кредиторлық берешек мәселесі шешіліп, мамандарды ынталандыру жұмыстары жолға қойылды. Басқа жаққа қоныс аударған немесе қайтыс болғанымен, облыстық онкологиялық науқастардың электронды реестрінде тіркелген 560 адамның аты-жөні алынып, сонымен қатар 2015 жылдың 4-ші тоқсанында және 2016 жылы онкологиялық дертке шалдыққан науқастарды анықтаудың 11,5 пайызға артуына қол жеткіздік. Бұл жетістікке емхана мамандарын (2016 ж. 299, 2017 ж. 130 маман) жүйелі түрде оқыту және диспансер мамандарының емхана деңгейінде қабылдаулар өткізу, «ашық күндер» акцияларын ұйымдастыру негіз болды. Диспансерде құрылымдық өзгерістер енгізіліп, бөлімдер саны 3-тен 7-ге жеткізілді, төсек саны 70-тен 85 төсек орынға жеткізілді. Сонымен қатар 10 төсектік паллиатив бөлімшесі ұйымдастырылды. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыруға, ауыр жағдайдағы науқастардың өмір сүру сапасын көтеруге, өлім-жітімді азайтуға мүмкіндік берді. Науқастардың емделуіне қолайлы жағдай жасау үшін ақылы қызметтен түскен қаржы есебінен бөлімшелерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, палаталар сплитжүйелермен, теледидарлармен жабдықталып, терезелер толық ауыстырылып, санитарлық-гигиеналық орындар жасақталды. Өткен жылы диспансерде госпиталды фармация бөлімшесі ұйымдастырылды. Бұл дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды (ИМН) бір жерден жіберіп, қолданудың ашық болуына, артық, негізссіз қолдануға тосқауыл болып, үнемдеуге және медициналық қызметтің сапасын көтеруге септігін тигізді. Сонымен қатар обылыста бөлімшелер деңгейінде (аға медбикелер үшін) «1С–бухгалтерия» алғашқы болып енгізген бірден-бір мекеме - онкологиялық диспансер. 2016 жылы басқа өңірлерден және облыс ішіндегі мүмкіндіктерді пайдалана отырып, 16 дәрігер, 22 орта буын медицина қызметкерлері жұмысқа тартылды, соның ішінде 10 дәрігер басқа аймақтардан келді. Олардың барлығы бірінші және жоғары санатты. Шақыртылған мамандар диспансер есебінен (ақылы қызмет есебінен) түгел пәтермен қамтамасыз етілді. Екі резидент мекеме есебінен (бюджеттен тыс қордан) стипендия тағайындау тәсілімен 2017 жылы дайындалды. Сондай-ақ оқытылған 2 резидент және 1 маман қайта дайындау бойынша жұмысқа алынды, 3 резидент Минск, Санкт-Петербург және Алматы қалаларында тәлім алуда. Диспансердің диагностика саласындағы жұмыс сапасын арттыру аясында 2016-2017 жылдары демеушілерден 51,5 миллион теңге тартылып, заманауи видеогастроскоп және колоноскоп, автоматты биохимиялық анализатор, өкпе обырын ерте анықтауға арналған зерттеу жобасы ұйымдастырылды. Ұйымдастырылған бұл жұмыстың арқасында колоректалды обырды скринингтік ерте анықтау 4 есеге артып, өңірімізде алғаш рет өңеш-ішек жолдарына стенд қою және жоғары технологиялық ота жасау жолға қойылды. Бюджеттен тыс қаржы есебінен 17,5 миллион теңгеге заман талабына сай эндовидеохирургиялық ота жасайтын қондырғы сатып алынып, жұмыс істеп тұр. Астана қаласынан білікті анестезиолог-реаниматолог дәрігер жұмысқа тартылды, 4 ИВЛ өңдеуден өкізіліп іске қосылды және бүгінгі таңда жансақтау бөлімшесі толықтай жабдықталып жұмыс жасауда. Аталған шаралардың арқасында диспансерде күрделі ота жасау көлемі 3,5 есеге өсті (2014 ж. күрделі оталар 70 болса, 2017 ж.—256), отадан кейінгі өлім толықтай дерлік жойылды. Сонымен қатар сәулемен және химиотерапиямен емдеу саны да сапасы өсті. 2014 жылдары еліміздің басқа өңірлеріне емделуге 400 науқас кеткен болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 2 есеге дейін азайды. Қаржылай есептегенде 2015 жылы 40,0 миллион теңге кеткен болса, 2016 жылы 5,5 миллион теңгеге дейін төмен түсті. 2017 жылы диспансерде мемлекеттік-жекеменшік бағдарламасы (ГЧП) механизмі бойынша қымбат тұратын диагностикалық зерттеулер (КТ және МРТ) өткізіліп, жыл есебіне алғанда 5,0 миллион теңгеге дейін бюджет қаражаты үнемделді және зерттеуге кезекте тұру мәселесі шешілді. Сонымен қатар диспансер 2017 жылдан бастап 6 жекеменшік медициналық мекемеге қызмет көрсетеді және бюджеттен тыс қаржы есебінен шақырылған мамандардың пәтер ақыларын, үстеме сыйақы төлеу сияқты мәселелердің шешімі табылды.
Сондай-ақ Н.Жариев Маңғыстауда қайтыс болған әр 4-ші науқас, кеш анықталатын 5-ші науқас және жалпы жыл сайын анықталатын әрбір 4-ші науқастың асқазан-өңеш жолдары қатерлі ісігімен тіркелетінін, облыста қатерлі ісіктің бұл түрін ерте анықтау жолға қойылса, жалпы өлім-жітім көрсеткіші 4 пайызға дейін түсетінін қаперге берді. Сол себепті жергілікті бюджет есебінен өңеш-асқазан жолдары қатерлі ісігін ерте анықтауға бағытталған скринингті жолға қою қажет екендігін айтты. Ол үшін, әрине, қаржы керек.
Комиссия отырысына қатысып отырған партияның Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Звира Есбергенова және комиссия мүшелері бас онкологқа сұрақтар қойды. Сұрақ-жауаптар барысында бірқатар өзекті мәселелерге көз жеткендей болды. Бұлардың бірі — Маңғыстау облысында балалар онкологының жоқтығы.
- Көтерілген мәселелердің барлығының шешімі қарастырылатын болады, - деді А.Өрісбаев. - Бірақ комиссия отырысына облыстық денсаулық сақтау басқармасынан өкіл қатыспағандықтан бұл айтылғандардың барлығы желге ұшқан сөз сияқты. Әйтсе де комиссия таяу уақытта облыстық онкология диспансерге барып, жұмысты жалғастыратын болады. Диспансердегі жағдайды өз көзімізбен көріп, науқастармен сөйлеспекпіз.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша комиссияның алдағы жұмысы жоспарланды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА