Маңғыстау облысы бойынша «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы» 10 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл аралықта атқарған жұмыстар саны бірқатар. Мұны қоғамдық бірлестіктің қорытынды жұмысын таныстырған басқосудан байқауға болады. Арнайы жиында федерацияның атқарушы директоры Нұрлан Джалимов жасалған жұмыстар жөнінде мәлімдеме жасады.
- 2014 жылы республикалық федерация басшысы болып Сауыт Мыңбаев, облыстық көлемде Бақыт Алтайұлы тағайындалған болатын. Сол жылдан бері бірқатар өзгерістер болды. Жаттықтырушылар қатары көбейді, оқушылар саны да артты. Материалдық-техникалық базамыз нығайды. 2014 жылы бізде 7 күрес кілемімен қамтылған 5 спорт зал бар еді. 2017 жылы олардың қатары 15 спорт залға және 22 спорттық кілемге ұлғайды. Бұл – біз үшін үлкен көмек. Өйткені бір кілемнің құны 1,5 миллион теңге көлемінде. Оның барлығы осы федерация жұмысының арқасы, - дейді ол.
Сонымен қатар, федерацияға 79 миллион теңге көлемінде мердігерлер тарапынан қаржы салынған. Олар жан-жақтан тартылған жаттықтырушылар мен спортшыларға, спорттық шараларға, материалдық-техникалық базаға жұмсалған.
Федерация өкілдерінің басын қосқан жиын бірнеше міндетті алдына қойды. Олар: 2018 жылға облыстық күрес түрлерінің жас ерекшеліктері бойынша аға жаттықтырушыларын тағайындау; облыстағы турнирлер тәртібін айқындау; аймақтағы күрес түрлерін бұқаралық деңгейге көтеру; төрешілер алқасын тағайындау; федерация мүшелерінің байланысын нығайту т.б.
-2017 жыл өте нәтижелі жыл болды. Қоржынымыз 3 алтын, 4 күміс, 9 қола медальмен толықты. Халықаралық аренадағы жарыстарда да спортшыларымыз тұғыр биігінен көрінді. Қазір біз күресті бұқаралық деңгейге көтеру мәселесін қарастырып жатырмыз. Қаладағы 25 орта білім беретін мектепте күрес секцияларын ашуға Ақтау қалалық білім бөлімімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде мыңдаған оқушыны осы спортқа тартатын боламыз. Колледж, университеттерге де енгізу жоспарда бар. Бүгінгі таңда облыс бойынша Түпқараған ауданынан өзге барлық ауданда үйірмелер жұмыс істеп тұр. Мамандарымыз келіп жатса, Түпқараған ауданын да толықтырамыз, - дейді Нұрлан Джалимов.
Қазір өңірде 15-тен астам күрес мектебі жұмыс істейді. Сондай-ақ, мамандар облыста спорттың бұл түріне қызығатын аруларымыздың да көбейіп келе жатқанын алға тартты. Бүгінде 70-ке жуық бойжеткен күреспен айналысады. Бірлестік қоржынын қампайтуға олардың да үлесі мол екенін аңғардық.
Басқосуда федерация жұмысына қорытынды жасалып, алдағы жылға нақты жоспарлар қойылды. Одан соң күрес түрлері бойынша нәтижелі спортшылар мен жаттықтырушылар марапатқа ие болды.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="46834,46833,46832,46831,46830"]