©
Өткен жылы Ақтау қаласының өндірістік аймағынан «Экзотикалық құстар әлемі» атты құс фермасы өз жұмысын бастаған болатын. Аумағы 6 Га жерді алып жатқан кәсіпорын ет, жұмыртқа өндіру және көрмелік құстар өсіру мен туризм мақсатында қызмет етеді. Өнімдері жергілікті тұрғындарға, Ақтау қаласы мен Мұнайлы ауданының сауда үйлеріне, дүкендеріне және базарларына сатылады. Орта есеппен тәулігіне 870 бөдене жұмыртқасы өндіріледі. Ферма жұмысымен жақынырақ таныспаққа ат басын бұрдық. Бізді онда кәсіпорынның қаржы директоры Бекен Боранбайұлы күтіп алды.
Құс фермасын ашу қызығушылықтан туындады
Алғашында әкем күнделікті тұрмысқа әрі емдік мақсатта бөдене өсіріп бастаған. Бұл бастама құс өсіруге деген қызығушылықты оятты. Сөйтіп Ресейден түйеқұстар әкелді. Одан соң қатарға қаз, үйректер қосылды. Артынша олардың қатары қырғауыл, павлин сынды құстармен толықты. Жалпы мұнда 20 шақты құс түрі бар, саны 4500-5000 шамасында.
Құстарға толық күтім жасалады
Мұнда қазір он шақты адам қызмет етіп жатыр. Құстарға күтім жасайтын үш адам бар. Қаздарға арнайы бір адам қарайды. Себебі мұндағы құстардың ең көбі – қаздар, саны мыңға жуық. Қалған екі адам басқа құстарға қарайды. Үш мезгіл тамағын, суын беріп, орнын тазалайды. Тағы бір адам бөдененің жұмыртқаларын қорапқа салып, дүкендерге дайындайды. Инкубаторларға да сол кісі жауапты. Кейде өзіміз де бұл қызметтерді атқарамыз.
Ең қиыны – балапандарды бағу
Құстарды балапан кезінде бағу қиындау. Әсіресе, түйеқұс пен күркетауықтарды. Балапандар ауруды тез қабылдайды. Сондықтан ерекше күтім қажет. Ақуыз жеткілікті болуы үшін балапан кезінде жұмыртқа жейді. Ал басқа құстар ондай күтімді талап етпейді. Мысалы, қаздар. Олар өте шыдамды, мықты құстар. Суыққа да төзімді.
Бөдене жұмыртқасына сұраныс жоғары
Бөденелердің жұмыртқасына және күркетауықтың етіне сұраныс көп. Ең алғаш бөденемен бастағандықтан, тұтынушылар да қалыптасты. Супермаркеттерге жеткізіп тұрамыз. Дегенмен соңғы уақытта сұраныс бұрынғыдан да артты. Жұмыртқа барлығын бірдей қамтуға жеткіліксіз болып тұр. Сондықтан кейбір супермаркеттерге жеткізуді уақытша қысқарттық.
Бөденелерге айрықша күтім қажет!
Олар тұрған жердің температурасы орташа болғаны дұрыс. Суық та, өте ыстық та болмауы қажет. Бөденелердің басты ерекшелігі – бір ғана жемнің түріне үйренеді. Сондықтан оның үйренген тамағын өзгертуге болмайды және ол үнемі балғын болуы керек. Одан басқа жем немесе сақтау мерзімі өткен жем жесе, жұмыртқа бермей қалады. Жемнің сақтау мерзімі – 2 ай. Сол себепті мұның барлығын жіті қадағалап отырамыз.
Түйеқұстар – қызығушылығы басым құстар
Олар адамды тани қоймайды. Себебі милары көздерінің көлемінен де кішкентай болғандықтан, ұмытшақ келеді. Адамның соңынан еріп жүреді, қолынан тамақтанады. Назар аударғанды байқайды, "Қаражорға" биін билеген секілді қимылдар жасайды. Жұмыртқа беретін маусымдарда қызғаншақ, қызуқанды болып кетеді. Тіпті, қасына жақындасаң, теуіп жіберуі мүмкін. Қызығушылығы өте жоғары. Жылтыр нәрселер (сақина, сырға, көзілдірік, телефон секілді) көрсе, алып қояды. Кішкентай, аузына сиятын дүниелерді жұтып қоюы да мүмкін. Сондықтан қасында абай болу керек.
https://youtu.be/r-SiVSDk4ZYҚұстарды инкубатор арқылы көбейтеміз
Құстарды біз көбіне жұмыртқа күйінде әкелеміз. Себебі құстың өзін әкелудің тиімсіз тұстары бар. Бірінде ауру болса, бәріне жұғуы мүмкін. Сондықтан жұмыртқаның өзін әкеліп, инкубаторда өсіреміз. Құс күйінде тек түйеқұс, павлин және бүркітті әкелдік. Бүркіттің жарақаты болғандықтан бізге емдеуге, бағуға берген. Ал жалпы құстардың жемі, тамағы (арпа, бидай, жүгері, жоңышқа, қырыққабат, сәбіз) еліміздің Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Алматы өңірлерінен әкелінеді.
Құстар арнайы орында сойылады
Алдағы уақытта қаздың етін де дүкендерге шығарғалы жатырмыз. Ал үйректің етін тек тапсырыстар арқылы жеткіземіз. Тапсырыс түскен соң бір күн бұрын тазалауға жіберемін. Осында құс союға арналған орын, арнайы тазалау машиналары бар. Қазір қай құсқа сұраныс жоғары екенін бақылап жатырмыз. Нәтижесіне қарай сол құсты көбейтпекпіз. Мұнда құстардан бөлек қоянның да бірнеше түрі өсірілуде. Олардың етіне де сұраныс біршама. Болашақта аумақты кеңейтіп, алаң салу жоспарымыз бар. Жылқылар әкеліп, аңшылық мақсатында қырғауылдарды да көбейткіміз келеді. Сонда мұнда туристерге де ыңғайлы орын болмақ.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="45309,45308,45307,45306,45305,45304,45303,45302,45328,45329,45330,45331,45332,45333,45334,45335"]