Коммуналдық мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштері еш мүдіріссіз сол күні қаралуы керек. Бұл туралы кезекті аппарат мәжілісінде облыс әкімі Ералы Тоғжанов мемлекеттік орган басшыларына ескерту жасады. Жиналыстың күн тәртібінде жылыту маусымына қатысты ағымдағы мәселелер және халықты ұялы байланыспен қамтушы операторлар қызметі, ЭКСПО-2017 көрмесінде ұсынылған озық технологиялар жобалары қарастырылды.
Жаңа жылды – жылы үйде қарсы алу
Мәжіліс мемлекеттік мекемелер мен қазыналық кәсіпорындардың «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС алдындағы коммуналдық қызмет төлемдеріне қарыздарына қатысты мәселені талқылаудан басталды. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы С.Аманбековтің келтірген мәліметтері бойынша желтоқсан айының басына дейінгі жағдай бойынша ең қарызы көп мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар Жаңаөзен қаласында, олардың жалпы бережағы 491 млн. теңгеден асып кеткен. Аймақ басшысы Жаңаөзен қаласының күні кеше сайланған жаңа әкімі Әділбек Дауылбаевқа бір ай мерзім ішінде қалыптасқан жағдайдың мән-жайын анықтап, тиісті шара қолдану жөнінде тапсырма берді.
Сондай-ақ облыс әкімі жалпы бережақтары 111 млн теңгеден асып кеткен Маңғыстау ауданының әкіміне қатысты қызметтік тергеу жүргізуді талап етті.
- Тұрғын үйлерді жылытуға қатысты мәселелерді шешуге айрықша назар аударылуы керек. Әрбір үйдегі ахуал бойынша ПИК басшыларымен кездесіп, жағдайын білу қажет. Жұртшылық алдағы жаңа жылды жылы үйде берекелі жағдайда қарсы алуы тиіс. Адамдарға барлық жайлы жағдай жасалмай тұрып бірде-бір мемлекеттік орган басшысы демалмайды. Коммуналдық мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштері сол күні еш мүдіріссіз қаралуы керек, - деп атап көрсетті өңір басшысы Е.Тоғжанов.
ЭКСПО-2017 жобалары
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бастығы сондай-ақ ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінде таныстырылған технологиялар туралы ақпарат берді.
- Бірінші жоба, ол - «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС аумағынан қуаттылығы 250 МВт болатын булы-газды қондырғы құрылысын салу. Жүзеге асыру мерзімі – 2018 – 2020 жылдар. Бұл жоба өз ресурсын сарқып болған негізгі қуат көзін беруші ТЭЦ-2-ні қолданыстан шығарған кездегі аймақтағы өсіп келе жатқан электр жүктемелерін көтеруге мүмкіндік береді және қазіргі бу күшіне сүйенетін жабдықтарды анағұрлым тиімді әрі бәсекеге қабілетті жаңасымен ауыстырады. Қазіргі таңда жеке инвесторларды тарту үшін конкурс жарияланды. Сонымен қатар Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылынан жел электрстансасын, Мұнайлы ауданының Батыр ауылы мен Маңғыстау ауданының Шетпе ауылынан күн энергиясынан қуат алатын электрстансалар салу жоспарланған. Сонымен бірге «Қарақия ауданының Құрық ауылынан қуаты тәулігіне 50 000 текшеметр су тұшытатын зауыт құрылысын салу мен пайдалану» мемлекеттік-жекеменшік серіктестік бойынша жоба конкурсының екінші кезеңі және «Каспий» су тұшыту зауытын модернизациялаудың кезекті кезеңі жүргізіліп жатыр, - деп мәлімдеді С.Аманбеков.
Өңір басшысы ЭКСПО-да ұсынылған жалпы 105 жобаның тек алтауы бойынша жұмыс жүргізу – тым аз екендігіне назар аударды.
- Индустриалдық-инновациялық даму басқармасы басшылығы Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоратымен бірлікте ұсынылған барлық жобаларды қарап, талдап, ірі мұнай компанияларымен тығыз байланыс орнатуы қажет. Білім басқармасына мектептерге электр энергиясын 40-50 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды енгізу туралы тапсырмалар берілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыра түсу керек, - деп нықтап тапсырды аймақ басшысы.
Мектептерге – интернет
2017 жылы атқарылған жұмыстары туралы Маңғыстау облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясы басшысы Саттар Жұмасейітов есеп берді. Оның айтуынша, қазіргі күнге дейін облыстың тұрғындар саны 500 адамнан асатын барлық елді мекендері ұялы байланыспен қамтылған.
- Осы уақытта ұялы байланыс адам саны 500-ге жетпейтін тек он елді мекенде жоқ. Олардың қатарында Бейнеу ауданындағы Ноғайты, Қарақия ауданындағы Төлеп, Бостанқұм, Қызылсу және Маңғыстау ауданына қарасты Бекі, Жарма, Сазды, 15-бекет, Тасмұрын, Боздақ елді мекендері бар. Интернет желісіне қосылу бойынша аймақта алты провайдер қызмет көрсетеді, желіге барлығы 68427 абонент қосылған, - деді С.Жұмасейітов.
Облыс әкімі аймақ мектептерін интернет желісімен қамту мәселесіне ерекше мән берілетіндігін ескертті. Облыстық білім басқармасы басшысы З.Тастемірованың айтуынша, қазіргі уақытта Қарақия ауданының төрт мектебі интернет желісіне қосылмаған. Облыс әкімі бұл мәселені қысқа мерзім ішінде шешу жайында тапсырма берді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі мемлекеттік органдар басшыларына жұмыстағы кемшіліктер үшін қатаң жауапкершілік болатынын тағы бір мәрте қаперге берді. Соның ішінде халық тарапынан түскен өтініштерді, облыс басшысының тапсырмаларын орындау және жоғары тұрған мемлекеттік органдардың сауалдарына мерзімінде толымды жауап беру талап етіледі.
Ердос ҚОЖАНТАЙҰЛЫ