- Рахат Бекболұлы, 55 жылдық мерейтойыңыз, марапатыңыз құтты болсын! Концертіңіз осы мерейтойға арналады ғой?
- Иә, рақмет. Негізі атап өту ойымда болмаған, филармония басшылығы тарапының ұсынысы. 55 жасқа толдыңыз, халыққа есеп беру керек дегендей айтты. Соған орай концертім өтті. Бірқатар жаңа шығармалар, жаңа әуендер халыққа ұсынылды. Оның алдында 5 желтоқсан күні Астана қаласында «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты кешім өткен еді. Астана қаласының оркестрімен, қазақ оркестрімен және филармонияның әншілерімен бірлесе отырып, жаңа репертуар алып барып, концерт қойып келдік.
- Сіз домбыра сыныбында білім алыпсыз. Дирижерлікке қалай келдіңіз? Ол үшін арнайы білім алу міндетті ме ?
- Дирижер – көп адамға беріле бермейтін мамандық. Иә, үлкен іс тәжірибеден өтуді талап етеді. Жалпы Еуропада, Ресейде, шет мемлекеттерде аса қатты дамып кеткенімен, бізде кенжелеу келе жатқан мамандық қой. «Дирижер» француз тілінен аударғанда «басқару» деген мағынаны білдіреді. Ертеден скрипка, виолончель, пионина ойнайтын, өз мамандығын жоғары деңгейде меңгерген музыканттар тәжірибесін бірте-бірте дирижерлікке бейімдеген. Өйткені бірден дирижер болып кетпейді.
- Ең алғаш дирижерлік еткен кезіңіз есіңізде ме?
- 1976-1980 жылдары Шымкент музыкалық учиилищесінде ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Санен Самиғуллақызы Әжиева апайымыздың сыныбында оқыдым. Дирижерлік тәлімді Орынғали Төлепов ағамыздан алдым. Сол кісілер байқаған болуы керек, 4 курста студенттерден құралған оркестрге дирижер ретінде шығарып жүрді. Іс-шаралар, мерекелік кештерде дирижер болатынмын. 1-2 нөмірге шықсам да сондай қанаттанып, содан шабыт алып жүретінмін. Сол кездері байқала бастаған шығар деп ойлаймын. 1980-1985 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясында білім алдым. Ол жылдары Орақ Жауыров, Алдаберген Мырзабеков, Тілепберген Әбдірашев, Шамғон Қажығалиев, Айтқали Жайымов, Жалғасбек Бегендіков сынды ұстаздардан дәріс алдым. Консерваторияны бітіргенде домбырашы және дирижер деген екі мамандық алып шықтым. Біздің тобымызда 40 студент оқыдық. Соның ішінен дирижерлікке төртеуіміз ғана өттік.
- Дирижердің ерекшеліктеріне тоқталыңызшы. Оркестр дирижерсіз жұмыс істей ала ма?
- Мен сізге бір оқиғаны айтып берейін. Ертеде Ресейде «ПерСимфАнс», яғни, «Первый симфонический ансамбль» деген болды. Оның құрамында виолончель, контрабас, скрипка барлық аспап бар. Сол ансамбльде «Бізге дирижердің қажеті жоқ, өзіміз ойнай аламыз», «Біз өте жақсы музыканттармыз» деген сынды қағидалар байқалған. Сөйтіп олар дирижерсіз бір-бір жарым жылдай жүрді. Бірақ әрі қарай болашағы болмады. Себебі олар автордың жазған шығармасын тыңдармандарына жеткізе алмады. Шығарманы ашуда дирижердің рөлі өте зор. Тіпті кейде композитордың айта алмаған дүниелерін шығарады. Авторлардың өзі «Осындай керемет дүние жазған екенмін ғой» деп таң қалып жататын жағдайлар болады. Былайша айтқанда, дирижер – композитор мен оркестр арасындағы дәнекер. Сондықтан ешбір ұжымның дирижерсіз болашағы жоқ деуге болады.
- Еліміздегі қай дирижерлерді ерекше атап өтер едіңіз?
- Бізде негізі дирижерлік академик А.Жұбановтан бастау алды ғой. Шәкірттері жалғастырды. Елімізде үлкен ақсақалымыз бар, өзім үлгі тұтатын ұлағатты ұстаздардың бірі – Айтқали Тілепқалиұлы деген кісі. Жақында 70 жасқа толды, ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, профессор, композитор. Ең керемет дирижерлердің бірі – сол кісі дер едім.
- Қазіргі жастардың бұл өнерге деген қызығушылығы қалай?
- Қызығушылық жақсы. Бірақ «дирижерлікке шықтым, болды» деген ой болмауы керек. Ол оркестрді жоғары деңгейде білуі қажет. Егер музыка жазып көрген білімді маман болса, тіпті жақсы. Әрбір аспаптың қыр-сырын, деңгейін, мүмкіндіктерін білгені дұрыс. Ал жаттап алған бағдарламамен жүрсе, кішкене қиындау болады. Әр халықтың музыкасын, әрбір жанрды, аспапты мүмкіндігінше меңгергені жақсы. Қысқаша айтқанда, дирижер оңай мамандық емес, өте көп тәжірибені талап етеді.
- Бірнеше оркестрде қызмет еттіңіз. Ұжымдарға салыстырмалы түрде баға беріп көріңізші.
- Мен Талдықорған, Петропавл, Атырау, Ақтөбе, Орал, Астана қалаларының оркестрлерімен жұмыс істедім. Барлығының да деңгейі жақсы. Оны шетелдік әріптестерімнің пікірінен де байқадым. Көршілес елдер, ТМД елдері мамандары біздің оркестрлерге қызығушылықпен қарайды. Себебі Қазақстанның әрбір облысында қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, камералық, фольклорлық ансамбльдер бар. Атырау облысында бір емес екі оркестр бар. Бұл – біздің байлағымыз.
- Дирижер туындыны жаттамай сахнаға шығатын жағдайлар кездесе ме? Үлгермеуі мүмкін дегендей. Сол жерден бірден шығарманы алып кете ала ма?
- Алып кетеді, дегенмен шеберлік керек қой. Себебі оркестрдегі музыканттар дирижердің аспабы болып есептеледі. Егер ол дайын болмаса, аспап та ойнай алмайды ғой.
- Сізде мұндай жағдай болмады ма?
- Жоқ, мен мүмкіндігінше бәрін алдын-ала меңгеріп алуға тырысамын. Алдымен шығарманы кім, қай уақытта шығарды, қай кезеңде өмір сүрген, шығарманың деңгейі қандай және не үшін жазылған деген мәселелерге жіті мән беремін. Себебі автордың мақсатын, халыққа айтайын деген ойын жеткізу керек қой. Сондықтан аша салып бірден кірісуге болмайды.
- Әңгімеңізге рақмет, аға. Марапатыңыз, мерейтойыңыз тағы да құтты болсын!
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН