©
Өткен айда еліміздің дамуына үлес қосып жүрген, тәуелсіздік жылдары табысқа жеткен тұлғаларды елге таныту мақсатында «Қазақстанның 100 есімі»республикалық жобасы ұйымдастырылған еді. Бір айға жуық дауыс беру нәтижесінде таңдаулы 100 тұлғаның есімі белгілі болды. Оған Маңғыстаудан Владислав Трифонов (қоғам аталымы бойынша) пен Талғат Мұқантаев (медицина саласы) енді. Осыған орай, республиканың үздік жүздігіне енген өңірімізге белгілі дәрігер, тәжірибелі хирург Талғат Естұрғанұлы Мұқантаевпен сұхбаттасқан едік. - Саламатсыз ба, Талғат мырза, «Қазақстанның 100 есіміне» енуіңізбен шын жүректен құттықтаймыз. Бұл жаңалықты қашан, қалай естіп едіңіз? - Шыны керек, мен үшін күтпеген жағдай болды. Балам Астанада медицина университетінің 2 курсында оқитын, сол қоңырау шалды. Ол дауыс беру жүріп жатқанын досынан естіпті. Қандай байқау деп біз таңбыз. Балама сайтын жібер дедім де, өзім қарауды ұмытып кетіппін. Содан 4-5 күннен соң есіме түсіп, ашып қарасам, дауыс беру аяқталып қалыпты. Жалпы соңғы кезде теледидар қарап, газет оқуға қолым тимей жүр еді. Сондықтан байқаудың өтіп жатқанынан хабардар болмадым. Артынан әкімдіктен хабарласып, тізімге енгенімді айтты. - Жалпы бұл жобаға сізді кім ұсыныпты? Білдіңіз бе? - Бұл хабарды естіген соң басшымызға бардым. Ол кісі байқау басталарда аурухана атынан мені ұсынғанын жеткізді. - Елордаға бардыңыз, Елбасымен жүздестіңіз. Кездесу қалай өтті? - Астанада арнайы экскурсия ұйымдастырылды. «Қазмедиа орталығын», «Экспо» қалашығын араладық. Телебағдарламалардың қалай жасалатынын, студияларды тамашаладық. Технологиялық жетістіктеріміз өте жоғары екен. Одан соң бір күн кездесуге дайындалдық. 1 желтоқсан күні Президентпен кездестік. Кездесу өте жақсы өтті. - Елбасының қай сөзі ерекше әсер сыйлады? - Ол кісінің айтқан сөзі көбіне жастарға бағытталады ғой. Бір орында тұрып қалуға болмайды, үнемі ізденісте болып, даму керектігін, тіл үйрену керектігін баса айтты. Аурасы, энергиясы мықты адам ғой. Жанындағыларға күш-қуат береді. Жалпы онда бас қосқан жүздікке кіргендердің әрқайсысы өз алдына ерекше тұлға. Дегенмен біз ерекше іс істеп жатқан жоқпыз. Қалай сөйлеймін, не айтамын деп әлі де ойлап отырмын (күліп). Таңертең жұмысқа келеміз. Кешке дейін осы жерде жүреміз. Науқастарды қарап, кеңес береміз, емдейміз. Осылай өміріміз зуылдап өтіп жатыр. Жұмыс істеп жүргенде 29 жыл өтіп кетті. Бірақ біз керемет ештеңе істеген жоқпыз деп ойлаймын. - Ал іріктелген 100 адамның ішінен кімдерді бағаладыңыз? - Көпшілігі өз жұмысын істеп жүрген мен секілді азаматтар екен. Елбасы кездесуде «Мамандығыңды дұрыс таңдасаң, сен бір күн де жұмыс істемейсің, тек ләззат алатын боласың» деген болатын. Таңертең үйден жұмысқа асығып келсең, кешке жұмыс біткесін үйге асығасың. Көпшілігі - осылай қызмет етіп жүрген жандар. Жалпы нағыз бақыт осы деп ойлаймын. Арамызда бір әскери кісі болды. Әскери оқу-жаттығу кезінде байқаусызда жерге түскен жарылғышты кеудесімен жауып қалған. Өткен жылы БАҚ-та ол кісі туралы біраз жазылған болатын. Кез келген адам олай жасай алмайды, нағыз ерлік қадам ғой. Сол кісінің жанында болып, тілдесу бақыты бұйырды, ерекше әсер алдым. Ол – нағыз батыр. Оның жанында біз - күнделікті жұмысты істеп жүрген жандармыз. Мен мынаны жасадым, бүйттім, сүйттім деп ауыз толтырып айта алмаймын. Сонымен қатар, 100 есімге енгендер қатарында жастар көп екен. Мүгедек арбасында отырған үш жас жігіт болды. Олардың белсенділігі мені таң қалдырды. Мүмкіндіктері шектеулі бола тұра ғылыммен, қайырымдылықпен айналысады, өз кәсіптері бар. Менің ойымша, осы кісілер нағыз мақтауға, марапатқа лайық жандар. - Соңғы уақытта тұрғындар арасында «Ауруханада науқастарды дұрыс қарамайды. Жақсылап қызмет көрсетіп, емдеу үшін танысың болуы керек немесе тағы басқа...» деген сыңайлы пікір бар. Бұл немен байланысты деп ойлайсыз? - Өкінішке қарай, мұндай мәселе бар. Жалпы мұндай жағдай барлық салада кездеседі деп ойлаймын. Не себепті екенін мен нақты айта алмаймын. Мүмкін адамның ішкі мәдениетіне, болмысына, бәлкім тәрбиесіне байланысты шығар. Бұл дәрігерлердің еңбекақысына да тікелей байланысты болуы мүмкін. Сенесіз бе, бірнеше жылдық еңбек өтілі бар, күнде түрлі қиын оталар жасап жүрген жоғары санатты хирургтар қарызға ақша сұрап жүретін жағдайлар бар. Жас мамандарға қараңыз, 5-6 жыл ота бөлмесінен шықпайды. 100-120 мың теңге алу үшін айына бірнеше рет кезекшілікке шығады. Бір сөзбен айтқанда, күні-түні ауруханада жүреді. Бәрін ақшаға да тіреп қойғым келмейді. Себебі жауапкершілігі төмен адам миллион төлесең де өзгере қоюы екі талай. Қанша төлесе де, мінезі сондай адам өзгермейді. - Дәрігер қандай болуы керек? Жас дәрігерлерге, іні-қарындастарыңызға қандай кеңес айтар едіңіз? - Ең бірінші, дәрігер алдына ауырып келген адамды жақсы көре білу керек. Мейірім болуы, түсіне білуі керек. Бізге ешкім жақсы хабармен келмейді ғой. Одан соң, әрине, оқу, білім қажет. Үнемі білімін жетілдіріп отыру керек. Медицина бір орында тұрмайды. Жыл сайын көптеген өзгерістер болады. Мысалы, менің жұмыс істегеніме 30 жылға таяды. Бір жылда 4-5 рет оқуға, курстарға қатысып келемін, еліміздің басты қалаларында, шетелде білімімді жетілдіремін. Мәскеуге жылына 3-4 рет барамын. Ол жақта докторлық диссертациямды аяқтағалы жатырмын. Дәрігер жақсы маман болу үшін үнемі білімін жетілдіріп отыруы керек. Аурухананың барлық маманды оқуға жіберуге мүмкіндігі бола бермейді. Ал өз бетімен барайын десе, айлығы жеткіліксіз. Тіпті, ол айлықпен кітап сатып алу да көп жағдайда қиынға соғады. Мен Мәскеуге барғанымда қажетті әдебиеттерді алып келемін. Бірақ ол қаржылық жағынан қалтаға кәдімгідей әсер етеді. Сондай-ақ, медицина саласындағы жаңа ақпараттардың 70 пайызын ғаламтордан да аламын. Қалғаны оқудың, ізденістің нәтижесінде келеді. - Мәскеу мен біздегі ота жасаудың, емдеу тәсілдерінің айырмашылығы қандай? - Мамандарында айырмашылық жоқ. Өйткені бізде де өте мықты, талантты хирургтар бар. Қолдары алтын, отаны өте жақсы жасайтын жас хирургтарымыз да бар. Айырмашылық жабдықтарында болуы мүмкін. Шыны керек, бізде медициналық құрал-жабдықтар жағынан көптеген мәселелер туындап жатады. Олардың жетіспейтін, ескіретін жағдайлары болады. Жаңа айтқанымдай, медицина уақыт санап дамып жатыр. Мәселен, эндоскопиялық кесу құралын алсақ, 2-3 жылдан кейін ол ескі құралға айналады. Оның орнын заманауи, электронды құрал басуы мүмкін. Ал оны алу үшін қаржы керек. Осы жағынан кішкене мәселе бар. Бірақ бәрі ақырындап орнына келеді деп ойлаймын. - Әңгімеңізге рақмет!Теңге БЕКМҰРЗАЕВА