©
ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай «Ақтау» сауда-ойын сауық орталығында шайбалы хоккейден Маңғыстау облысының Кубогы сарапқа салынды. Жарысқа Ақтау қаласының «Каспий-1», «Каспий-2» командалары қатысып, өзара бақ сынады. Жарысты Маңғыстау облысының әкімдігі, облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы мен облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырды.
- Бұл жарысқа 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдерден құралған 2 команда қатысуда. Бүгінгі таңда біздің облысымызда арнайы мұз айдыны болмаса да, шайбалы хоккей жақсы дамып келеді. Бүгінгі жарыс осы спорт түрінің аймақта дами түсуіне ықпал ету, халықтың назарын осы спортқа аудару, жастарды қызықтыру, олардың арасында шайбалы хоккейді насихаттау мақсатында ұйымастырылып отыр. Өзіңіз көріп отырғандай, бүгінгі жарысты тамашалауға келген халықтың қарасы да көп. Қазіргі таңда сонымен қатар жастар арасында мұзда мәнерлеп сырғанауға да қызығушылық арта түсуде. Мақтанышпен айта аламыз мәнерлеп сырғанаудан жерлесіміз Гауһар халықаралық дәрежедегі жарыстардың жеңімпазы атанды,-дейді Маңғыстау облысы денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрбек Қарабалаев.
Ойын барысында қос команда да тең түсіп, негізгі уақытты 3:3 есебімен тең дәрежеде аяқтағандықтан жарыс төрешісі қосымша уақыт берді. Ннәтижесінде қарсылас команданың қақпасына ақырғы жеңіс шайбасын салған «Каспий-2» командасы 4:3 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, «Каспий-2» командасы Маңғыстау облысының Кубогін иеленіп, 300 000 теңгені қанжығаларына байлады.
-Облыста шайбалы хоккеймен бізде 5 пен 15 жас аралығындағы үш топ аптасына төрт рет жаттығады. Бүгінгі ойынға ең үлкен топтағы жасөспірімдер қатысты. Арнайы мұз айдыны болмағанына қарамастан біз «Ақтау» сауда-ойын сауық орталығына келіп, дайындаламыз. Ел чемпионатына, республикалық жарыстарға қатысып тұрамыз. Соңғы бес жыл бойы бізге мұз айдынын салып береміз деп уәде етуде. Бірақ нәтиже жоқ. Балаларымызды спортқа баулу үшін бізге мұз айдыны аса қажет,-дейді шайбалы хоккейден спорт шебері, жаттықтырушы Дмитрий Шахов.
Венера МИРЛАН