©
15 қараша күні Ақтауда «Қазіргі заманғы бизнестегі интернет-технологиялардың рөлі» атты үшінші аймақтық бизнес-конференция өтеді. Мақсаты – бизнес құрылымдардың қызметіндегі интернет-технологиялардың маңыздылығын арттыру. Осы орайда конференция ұйымдастырушысы, Mediana.kz компаниясының техникалық директоры Өмірбек Құрбанбаевты сөзге тарттық.
- Өмірбек мырза, жалпы Mediana.kz-тің бағыты қандай, қандай жұмыстар ұсынады?
- Компанияның негізі осы Ақтау қаласында қаланды. Қазір Қазақстандағы алдыңғы қатарлы WEB компаниялардың бестігіне кіреді. Кәсіпорындағы жұмысшылардың барлығы ІТ саласындағы білімге ие. Біз нақты тапсырыстар бойынша жұмыс істейміз. Өнімдерді өзіміз шығарамыз, яғни барлығы «Қазақстанда жасалған» деген штамппен шығады. Ең алғашында біз 2007 жылы WEB-сайт жасақтаушы, бағдарламалаушы ІТ-студия ретінде ашылдық. Дегенмен 3 жыл ішінде ғаламторға байланысты барлық қызметтерді қамту жолында жұмыстандық. Хостинг, серверлер, домен атауларды тіркейміз, мекемелердегі, кәсіпорындардағы электронды құжат айналымын, автоматтандыру жүйелерін және бір жылдан бері мобильді қосымшаларды жасаймыз. Қазақстанда санаулы мекеме осы қызметтермен айналысады. Бұдан өзге маркетинг, СММ, СЕО оңтайландыру, сайттар үшін фото, қысқаша видео (трейлер) түсірумен айналысамыз. Жалпы интернеттегі қандай да бір өнім қажеттілігі болса, соның барлығын қамтушы компания ретінде қалыптастық.
- Тапсырыс қай өңірден жиі түседі?
- Біз бірінші кезекте өңірдегі жұмыстарды, технологияларды дамытқымыз келеді. Бұл мақсатта ауқымды істер атқарылып жатыр. Компаниямыз қашықтықтан жұмыс істеуге өте ыңғайластырылған. Қазіргі кезде еліміздің барлық облыстарымен жұмыс істей аламыз. Жалпы тапсырыстың 25-30 %-ы басқа облыстардан түседі.
- Ең үлкен жүйелеріңіз қандай?
- Біз WEB-сайт жасау ғана емес, автоматтандыру, жүйелерді бағдарламалаумен де айналысамыз. Мысалы, ең үлкені - mektep.edu.kz электронды жүйеміз. Бұл туралы естіген де боларсыз, толықтай біздің өнім. Бұл пилоттық жоба Маңғыстау облысында қолданылады (134 мектеп). Қазіргі күнге дейін Қазақстанда мұның аналогы жоқ. Барлық аймақта қолданылып жүрген kundelik.kz жүйесінің арғы тегі Ресейден алынған. Бірақ kundelik.kz-пен салыстырғанда mektep.edu.kz-тің мүмкіндігі жоғары екенін байқаған Білім және ғылым министрлігі Маңғыстау облысында біздің жүйені қолдану жөнінде бұйрық шығарды. Мұнда ата-анаға, мұғалімдерге арналған мобильді қосымшалар бар. Мұғалім бағаны осы қосымшаға кіріп, телефон арқылы да қоя алады. Олар орталық серверге түседі, серверден барлық ата-аналарға таратылады.
- Басқа облыстардан орталықтарыңызды ашу ойда бар ма?
- Компанияның 10 жылдығына орай аздап форматымызға өзгеріс енгізіп жатырмыз. Тапсырыстармен жұмыс істеуді азайтып, старт-ап жобаларымызды жасауға көшудеміз. Қатарымызға жаңа қызметкерлер қабылдадық. Келер жылы сіздерге тың бағыттарымызды, жаңа жобаларымызды ұсынатын боламыз. Сондай-ақ, алдағы жылы қызметкерлерімізге ағылшын тілін оқытпақпыз. Себебі біз Европалық нарыққа шығуды көздеп отырмыз. Еліміз бойынша келесі жылы шамамен наурыз айында Астана қаласынан орталық ашу ниетіміз бар. Ол қазақстандық сегментті басқаратын болады. Бірақ бас кеңсе Ақтауда қала бермек. Өнімдердің Ақтаудан, Маңғыстаудан шығып жатқанын бәріне көрсеткіміз келеді.
- Қазір Mediana.kz компаниясында қанша адам жұмыс істейді?
- Қазір 22 адам қызмет етеді.
- Мektep.edu.kz-тен өзге аналогы жоқ қандай жобалар қолға алу ойыңызда бар?
- Мektep.edu.kz тек білім саласына байланысты. Одан бөлек кәсіпорынның ішкі аппараттандырылған коммуникациясына арналған авторлық жобамыз бар. Оны кәсіпорындарға енгізіп жатырмыз. Тағы локальді емес, ғаламдық, өзге елдерге шығуға мүмкіндік беретін 1-2 жобамыз бар. Жаңа жүйелерімізді іске қосқан кезде презентациясын жасап, баршаңызға таныстыратын боламыз.
- ІТ саласында білім алғысы келетін жастарға қайда оқуға немесе жұмыс істеуге кеңес бересіз?
- Негізі мен анда барып оқы, мында барып оқы деп айта алмаймын. Себебі 10 жылдық тәжірибемізде мектепті не колледжді бітіріп келіп, жетік маман болған қыз-жігіттерімізге байқадық. Студенттермен, жастармен кездескен кезде айтатыным – ең бірінші өз бағытыңызды дұрыс таңдап алыңыз деймін. Содан соң осы бағыттағы оқулықтарды оқып, білетін адамдардан сұрастырып үйрене беріңіз. Бағдарламашы болу үшін жоғары білімді болу міндетті емес. Өткен жылы біздің компания Америка үкіметінің грантын жеңіп алды. Қазақстан бойынша 160 ІТ компания қатысып, соның іріктелген ондығына ендік. АҚШ-тың Кремний алқабында 1 ай тәжірибеден өттім. Google, Facebook секілді әртүрлі компанияларда болып, оқу курстарына қатыстық. Сонда да жиі айтылатыны – өз бағытыңды дұрыс анықтау, содан соң ол бағытта білім алу.
- Енді алда өтетін конференция жөнінде айта кетсеңіз. Не айтылады, кімдер қатысады?
- Бұл конференция арқылы Маңғыстаудың ақпараттық технологиялар саласының табысты дамып келе жатқанын көрсеткіміз келеді. Сонымен қатар, ІТ саласындағы бизнестің дамуына жоғары мән беру керектігін, электронизациялауды, бірыңғай дерекқор құруды түсіндіру. Шарада интернеттегі имидж және PR, электронды құжаттарды басқаруды қалай жүзеге асыру, ІТ өнімдері арқылы адам ресурстарын басқару, менеджерлерге арналған ІТ шешімдер, клиенттерді тарту әдісі сияқты тақырыптар қозғалады. Спикерлер ретінде Қазақстандағы танымал сарапшылар шақырылады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Теңге БЕКМҰРЗАЕВА