2018 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы енгізіле бастайды.
НЕ ӨЗГЕРДІ?
Жаңа форматтағы Атаулы әлеуметтік көмектің қазіргі әлеуметтік төлемдерден айырмашылығы, ол тұрмысы төмен отбасыларға немесе адамдарға көрсетілетін қолдаудың үш түрі бір пакетпен ұсынылатын болады, олар:
а) жұмыс берушілер ұсынған бос жұмыс орындарына жолдау;
ә) тұруына, жол жүрісіне, біржолғы ыстық тамағына (техникалық және кәсіптік оқу орындарына білім алған жағдайда) шығыстарды өтей отырып, оқытуға жіберу және мемлекет есебінен шәкіртақы төлеу;
б) мемлекет есебінен еңбекақысын субсидиялай отырып, жастар тәжірбиесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға жіберу;
в) жеке ісін ашуға немесе мбизнесін кеңейтуге микрокредит беру.
Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аз қамтылған отбасыларды немесе азаматтарды кедейліктен шығаруға бағытталған кешенді қолдау тәсілдерінен тұрады.
ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК КІМДЕРГЕ ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ?
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ынан төмен отбасыларға немесе азаматтарға шартсыз немесе шартты ақшалай көмек түрінде тағайындалады.
Шартсыз атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға немесе еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын аз қамтылған отбасыларға беріледі.
Мұндай аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек қандай да бір шартсыз тоқсан сайын тағайындалып, ай сайын төленеді.
Шартты атаулы әлеуметтік көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері бар аз қамтылған отбасыларға немесе еңбекке жарамды аз қамтылған азаматтарға ұсынылады, бұл орайда қойылатын шарт-жұмыспен қамтудың белсенді шараларына олардың міндетті түрде қатысуы.
Осы мақсатта, әлеуметтік қызметтер мен қызмет алушылар арасында әлеуметтік келісімшар жасалады. Әлеуметтік келісімшарт 6 айға қол қойылады және оны тағы 6 айға дейін создыру мүмкіндігі беріледі.
Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара міндеттер алады: әлеуметтік қызметтер – жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге күш салуға және төлемдерді төлеуге, ал отбасының еңбекке қабілетті мүшелері – отбасын аз қамтылған топ құрамынан шығаруға бағытталған әлеуметтік бейімдеу мен жұмыспен иқамтуға жәрдемдесу шараларына адал қатысуға міндеттенеді.
Аз қамтылған отбасының еңбекке қабілетті мүшелері Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде оқу шығыстарын төлеу, әлеуметтік еңбек орындарындағы жалақының 35-% субсидиялау, оқу орындары түлектеріне арналған жастар тәжірбиесін төлеу немесе жеңілдік шарттар қарастырылған микрокредит түрінде мемлекеттік қолдау ала алады.
Аз қамтылған отбасының 18 жасқа толған еңбекке қабілетті мүшелері өздеріне әлеуметтік келісімшартта жүктелген міндеттерді орындамаған жағдайда жәрдемақы мөлшерін қысқарту тетігі қарастырылған: бірінші рет – отбасының еңбекке қабілетті мүшелерінің атаулы әлеуметтік көмегін 50% -ға, ал қайталаған жағдайда 100-% қысқартылады. Бұл ретте атаулы әлеуметтік көмек кәмілет жасқа толмаған балаларға және бала күтімімен отырған аналарға толық мөлшерде сақталады.
ЖАҢА ФОРМАТТАҒЫ АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ МӨЛШЕРІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?
Біріншіден, келесі жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдісі өзгеруіне орай оның мөлшері өсетін болады. Егер ағымдағы жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 459 теңгені құраса, келесі жылы оның көлемі 28 284 теңгеге дейін өсетін болады.
Екіншіден, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау ушін қолданылатын кедейлік шегінің мөлшері қазіргі 40-%-дан 50%-ға дейін ұлғайтылады. Демек, егер ағымдағы жылы кедейілік шегінің мөлшері 9 784 теңге болса, келесі жылы 14 142 теңгені құрайтын болады.
Мысалы, тұрмысы төмен отбасы 5 адамнан тұрады делік, оның 1 мүшесі жұмыс істейді және 24 459 теңге табыс табады; 1 мүшесі 3 жасқа дейінгі балаға күтімімен отыр және жұмыс істемейді; сондай-ақ үш кәмілетке толмаған баласы бар. Бүгінгі таңда отбасыға төленетін атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 17 313 теңгені, мемлекеттік балалар жәрдемақысы 7 148 теңгені құрайды. Келесі жылы отбасының табыс деңгейі осы қалыпта сақталған жағдайда, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің мөлшері 46 250 теңгені құрайды немесе 2017 жылмен салыстырғанда 89%-ға өседі.
АЗАМАТТАР ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕКТІҢ БАСҚА ТҮРЛЕРІН АЛУҒА ҚҰҚЫЛЫ БОЛА МА?
Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмеказ қамтамасызетілген отбасыларға қазіргі уақытта беріліп отырған келесі үш әлеуметтік төлемді біріктіретін Бірыңғай жәрдемақы болып табылады:
а) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 40%-ынан төмен болған жағдайда жанұяның әр мүшесіне берілетін атаулы әлеуметтік көмек;
б) отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің 60%-ынан төмен болған жағдайда 18 жасқа дейінгі балаларға тағайындалған балалар жәрдемақысы, оның мөлшері осы жылы 1,05 АЕК немесе 2 383 теңгені құрайды;
в) кәмілеттік жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасыларға табысна қарамастан берілетін арнайы мемлекеттік жәрдемақы.
Осылайша, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек аталған үш төлемнің орнына төленетін болады және оның мөлшері осы үш төлемнің жиынтық сомасынан артық болады.
Егер де сіз атаулы әлеуметтік көмек туралы толық ақпарат алғыңыз келсе төмендегі байланыс телефондарына хабарласыңыз: