Желтоқсан айында Үстірт қорығы «Алабарысқа ат қоямыз!» байқауын ұйымдастырған болатын. Байқау шарты бойынша тұрғындар қорық аумағында фототұзаққа түсіп қалған алабарысқа есім ұсынуына немесе оның суретін салып жолдауы қажет. Бір жарым айға созылған байқаудың қорытындысы жарияланды. Бұл жөнінде mangystaumedia.kz сайтына Үстірт қорығы директорының орынбасары Меңдібай Ағиев хабарлады. Байқауға 12-16 жас аралығындағы оқушылар қатысқан. Сондай-ақ ересектер арасынан бір жұмыс келіп түскен. Қазылар алқасы 70 сурет пен 80 есімнің арасынан үздіктерін таңдады. Нәтижесінде Жаңаөзен қаласы №1 мектептің 6-сынып оқушысы Кемелова Інжудің суреті 1-орын алды. Жаңаөзен қаласы №17 мектептің 10-сынып оқушысы Ерубаева Жазира 2-орын, №18 мектептің 8-сынып оқушысы Бекболат Айгерім 3-орын иеленді. Ал Өгізбаева Зейнеп, Рамазан Перизат, Шалхарова Айдана ынталандыру сыйлықтарына ұсынылды. Комиссия мүшелері алабарысқа шайырлық Омарқызы Әлия ұсынған «Тау Шері» есімін таңдағанын жазғанбыз.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді Үстірт қорығы ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="72074,72073,72072,72071,72070,72069"]