Ақтаудағы «Мәңгілік алау» монументі неліктен уақытша жанбай тұрғаны жайында қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев түсінік берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Ақтау қаласының əкімдігіне сілтеме жасап. Ақтау қаласында «Мәңгілік алауға» 2008 жылы жөндеу жүргізілген. Содан бері жан-жақтары түсіп, ескірген соң тағы да жөндеу жүргізуге шешім қабылданған. Алау былтыр желтоқсан айында уақытша өшірілді. 2018 жылы «Мәңгілік алау» ескерткішін жөндеуге 89 млн теңге қаражат бөлініп, конкурс жарияланған болатын. Оны «МТС-Актау» ЖШС 67 млн 200 теңгеге ұтып алып, былтыр 20 млн теңгесін толығымен игерген. - Ол мекеме 89 миллионның жұмысын 67 миллион 200 мың теңгеге жеңіп алды. Жұмыс тамыз айынан бастап қарқынды жүрді. Қазір 5 қабырға толық жөнделді. Әзірге 20 миллион теңге қаражатын ғана игерген. Ал ортадағы мәңгілік алау мәрмәрдан жасалады. Көк пен жасыл түсті мәрмәрды қаптадық, енді жұлдызшасына қызыл түсті мәрмәр керек. Ол шетелден келеді. Мердігердің айтуы бойынша, қызыл түсті мәрмәрді жеткізу ұзаққа созылатынына байланысты кідіріп тұр. Сондай-ақ гүлзарлардың ою-өрнегін қайтадан жасап, іргелерін қаптау қажет, - дейді Қайрат Ақыбаев. Қ. Ақыбаевтың айтуынша, бұл мекемеге 67 миллион 200 мың теңге қаражатын толық бөлінбеген, қалған 47 миллион 200 мың теңге енді бөлінеді екен. - Биыл наурыз айында қалалық маслихаттың сессиясы өтеді. Сол кезде мердігерге жөндеу жұмыстарының қаражатын толық аудару мәселесі қаралмақ, - деді қалалық тұрғын үй комуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы.