©
Соңғы кездері көпшілік арасында спиннер ойыншығы кең тарап, оған деген сұраныс та күн санап артып келеді. Өндірушілер мен сатушылар «антистресс-ойыншық» деп жұртты қызықтырып, жар салып жарнамалауда. Расында солай ма? Бұған дейін ешкім бұл ойыншықтың өзі түгілі атауынан да бейхабар еді. Бүгінде ғаламтор желісінің қай бетін ашып қалсақ, оның жарманасына жолығамыз. Тіпті атақты ресейлік шоумен Иван Ургант бағдарламасында спиннерді қолданып, Форбес журналы 2017 жылдағы кеңсеге ең қажетті дүние деп тауыпты. Алақанға сиып кететін титімдей құралдың осынша танымалдылыққа ие болуына не себеп? Расында пайдалы ма? Жалпы спиннер деген не? Жауап іздеп көрелік.
Спиннер деген не?
Ойыншықтың атауы «Fidget spinner» сөзінен (ұшқалақ адамдарға арналған ойыншық) шыққан.
Спиннер – саусаққа арналған мини-жаттығу құралы. Оны іске қосу үшін екі саусақпен ортасынан ұстап, сыртқы бөлігін айналдырамыз. Спиннер бір рет бағыттап жіберсеңіз, екі минутқа дейін тоқтаусыз айнала алады.
Бұл ойыншықтың ерекшелгі – қолданушыларының жасына шектеу қойылмайды. Кез келген адам пайдалана алады.
Кім ойлап тапты?
Ойыншықты осыдан 24 жыл бұрын Кэтрин Хэттингер есімді химик ойлап тапты. Өткен ғасырдың 90-жылдары оны өз атына патенттеп те қойған. Қолды-аяққа тұрмайтын, ұшқалақ балаларға арнап шығарылған екен. Үнемі бірнәрсеге тиісіп, ұстап, бүлдіріп жүретін балалар үшін таптырмас ойыншық болды. Оны ойлап табудағы екінші себеп – Кэтриннің балаларының сирек кездесетін бұлшық ет ауруымен науқастануы деген де ақпарат бар. Спиннердің алғашқы тұтынушылары оның құрбылары болған. Дегенмен ол тұста бұл құрал көпшілікті онша қызықтыра қоймады. Биылғы жылдың көктемінде ғана кең танымалдылыққа ие болды. Сәуір-мамыр айларының өзінде 50 миллион данасы сатылып үлгерген.
Спиннер не үшін керек?
Қол, саусақ буындарына жаттығу жасауға ыңғайлы. Сондай-ақ, стресстік жағдайдан арылуға көмектеседі, ашуланған сәтте сабырға келуге, толқу сезімін жоюға ықпал етеді.
Ғалымдар балалардың жағымсыз әрекеттеріне тосқауыл болады дегенді де алға тартады. Мәселен, қолын қытырлату, тырнағын шайнау, үстелді тарсылдату т.б.
Дегенмен оқытушылар бұл ойыншықтың пайдасы бар дегенге сеніңкіремейді. АҚШ-тағы бірнеше мектепте оқушыларға спиннерді ұстауға тиым салынған. Яғни, мектепке әкелуге рұқсат жоқ.
Неден жасалады?
Оның металдан, ағаштан, плстиктен немесе бірнеше металдың қосындысынан жасалған түрлері бар.
Ойыншықтың сырты тегіс, үш күлтелі және екі күлтелі болып келеді. Пластик түрлері салмағының аздығына байланысты басқаларына қарғанда үлкенірек етіп жасалады. Ал металдан жасалған ойыншық ықшам етіп шығарылады. Керамикалық тірегі бар спиннерлер ұзағырақ айналады, ал метал тіректілер баяу әрі аз айналым жасайды.
Психологтар спиннер жайлы не дейді?
Олардың пікірінше, ойыншық ешқандай стрестен құтқармайды, мәселені шешпейді. Балалар оны қалай қолдану керектігін белмейді, білген күнде де ересектер секілді шыр айналдыра алмайды. Керісінше сабақ оқуына кедергі келтіреді. Сол себепті оның орнына кубик-рубик, басқатырғыш, құрастырғыш берген тиімді. Ол – уақытты өлтіруші. Сол кеткен уақытты сурет салуға, кітап оқуға, бірнәрсе үйренуге арнаған абзал дейді.
Бұл пікірді естіген дәрігер Джон Бендер:
-Мен дәрігер ретінде оны медициналық терапияда қолдануға нұсқамас едім. Дегенмен зиянды деуге дәлел жоқ. Иә, мазасыздану, шаршау белгілері бар, аутизммен ауыратын жандар үшін пайдалы болуы мүмкін. Бірақ одан ғажайып күтудің қажеті жоқ, - дейді.
Дәл қазір бұл ойыншық біразыңызда бар болар?! Әйтсе де ойыншықтың барлығы сапалы, түпнұсқа деу де негізсіз секілді. Өйткені спиннердің кейбірінің құрамынан сынап пен қорғасын қоспалары табылған. Сатып алар алдында қайсысы түпнұсқа, қайсысы көшірме екенін ажыратып, қауіпсіздігін тексеріп алған жөн.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
https://youtu.be/IRc6EZ5vfqg