Жадыра КҮЗЕМБАЕВА, тұрақты қан тапсыратын донор: - Мен бірнеше жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келемін, осы уақытқа дейін 35 рет тапсырдым. Жылына 3-4 рет тапсырамын. Қан тапсырған соң денсаулығым жақсарып, басым ауырғаны қойды. Сонымен қатар, донор болып қоғамға, адамға қанымыз көмек болып жатса қуанамын. Барша халыққа денсаулық тілеймін.
«Жаман айтпай жақсы жоқ». Қуанышы мен қайғысы аралас өмірде бәрі де мүмкін. Құстың сүтінен басқаның бәрі бар заманда дәрі-дәрмек табылар, қансыраған адамға жан берер сұйық табылмай жататын жайларды бұрын да талай естіп-көргенбіз. Емдеу мекемелерін қанмен және оның құрамдас бөліктерімен толықтай қамтамасыз ету үшін елде 1000 адамға шаққанда орта есеппен елу донордан болуы керек. Ал біздің елімізде бұл күндері 1000 қазақстандыққа 18 донордан келеді екен. Ешкімге күштеп қан тапсырта алмайсыз. Статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 200 мыңдай тұрақты донор бар. Ал негізі, осыдан 20 жылдай бұрын олардың саны бұдан үш есе көп болған. Ал қанға деген сұраныс ешқашан азайған емес. Ауру-сырқауларды айтпағанда, көлік те, сәйкесінше әрлі-берлі қозғалыс та көбейген заманда жол апаттарының өзі, ауруханаларды толтырып тұр… Қан керек болғанда адам тағдырын әр минут шешетіндей қысылтаяң болады. Сондықтан, әсіресе, ірі елді мекендерде белгілі мөлшерде қан қоры болуы міндетті. Науқасқа дер кезінде көмек көрсету, оған керекті қан құрамын сәйкестендіріп тауып беру үшін қан орталықтары күндіз-түні жұмыс істейді. Қысқасы, күнделікті тіршілікте мән бере қоймайтын осы бір аса қажет қызметтің Жаңаөзендегі жұмысы қалыпты жүріп жатыр. Сөз басында айтқанымыздай, өмір болған соң, небір жағдай орын алуы мүмкін. Сондықтан, «Адамның күні адаммен» деген қағиданы ескеріп, жамандықтың алды-артын тұсауға ұмтылайық, ағайын.Гүлсім МҰРЫНОВА