Медицина қызметкерлері марапатталды
[ 2017 ] 16 маусым, 10:12 | Жаңалықтар
14 маусым күні Жаңаөзен қаласы бойынша денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосқан дәрігерлер мен үздік медбикелер марапатқа ие болды. Халықтың денсаулығы үшін күн демей, түн демей адал еңбек етіп, өз мамандығының шебері атанған қызметкерлерді қала әкімі Елубай Әбілов құттықтап, Алғыс хат табыстады.
- Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтеген. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев халықтың денсаулығы елдің қалыпты дамуының кепілі екендігін үнемі айтып келеді. Сол себепті, бүгінгі таңда қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бір болып отыр. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда, - деді қала әкімі өз сөзінде.
Сондай-ақ, Е.Әбілов мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында айтылған, нақтырақ денсаулық саласын дамытуға, міндетті медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, дәрі-дәрмектердің бағасын реттеу секілді тапсырмаларына сәйкес қаламызда іс-шаралар атқарылып, ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатырғанын атап өтті. Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы №1 Жаңаөзен қалалық емханасы күрделі жөндеуден өткізілсе, биыл Теңге ауылындағы және Балалар ауруханасына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, емдеу мекемелерін қазіргі заманғы медициналық техникалармен жабдықтау мақсатында қалалық ауруханаға гемодиализ аппаратын алу, алғашқы медико-санитарлық көмек жедел жәрдем бекетіне 7 автокөлік алу жұмыстары ұйымдастырылып, тұрғындардың қажеттілігіне орай гемодиализ орталығын ашу жоспарға қойылған. - Қызылсай ауылында 20 орындық оңалту орталығының жобалық-сметалық құжаты дайындалып, халық арасында медициналық сақтандыру жүйесі кеңінен насихаталуда. Дәрігерлерді әлеуметтік қолдау мақсатында Теңге ауылында салынған 8 пәтер денсаулық сақтау қызметкерлеріне берілді. Осы салада маман тапшылығы да шақырту арқылы шешімін таппақ, - дейді Е.Жақайұлы.
Салтанатты шарада саналы ғұмырын медицина саласына арнап, адам жанының арашашысы бола білген ақ халатты абзал жандарды марапаттау рәсіміне кезек берілді. Қала әкімінің Алғыс хатымен №1 Жаңаөзен қалалық емханасының білікті хирургі Оңғарбай Атыраубаев, балалар ауруханасының процедурный кабинетінің медбикесі Алтын Ілиясова, жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясының үйлестірушісі аға фельдшер Гулнара Кадырова, орталық аурухана травматология бөлімшесінің шаруашылық бикесі Шолпан Молжігітова, тәжірбиелі акушерка Үмітай Қойланова, Теңге ауылы амбулаториясының күндізгі бөлім медбикесі Нұрбижамал Мұқашева, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Ұлттық сараптама орталығының қалалық бөлімшесінің зертханашысы Бибігүл Бинеуова, «Жалымбетов медицина орталығы» ЖШС медбикесі Бақыт Нұрлыбаева, Қызылсай ауылының учаскелік жалпы тәжірибелі бас медбикесі Сұлухан Қамысбаева марапатталды.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Мұнда «Мұнайшы» МҮ-нің өнерпаздарымен қатар медицина қызметкерлері өнер көрсетті.
Ж. Ақбергенова
1257
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.