Қазақстан Үкіметі жек дуадақтарды аулауға рұқсат беретін Қаулы қабылдады. Еліміздің көрікті құстарын аулау мүмкіндігі бірнеше ауқатты әрі ықпалды тұлғаға берілген. Олардың қатарында Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті Халиф Бин Заид Әл Нахайян бар, - деп хабарлайды mfngystaumedia.kz сайты forbes.kz сілтеме жасап.
Форбестің хабарлауынша, ол әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде 43-сатыда тұр, активі 830 млрд. АҚШ доллар болатын дербес қорды басқарады. Онымен бірге құс аулау үшін елімізге Абу-Дабиді басқарушы жанұяның мүшелері – ханзада шейх Сурур Бин Мухаммед Әл Нахаян және генерал-лейтенант шейх Сеиф Бин Мухаммед Әл Нахаян келмек. Сондай-ақ сұңқарды құсқа салуға Катар ханзадасы шейх Джасем Бин Хамад Бин Халифа Әл Тани да қатысады. Аталмыш ел басшылары саятшылықты қатты ұнатады және бұл мақсатта Қазақстанға алғаш келуі емес. Тіпті Балқаш көлінің жанында катарлықтардың базасы бар.
Құс аулау 10 қазанда басталып, 15 қарашаға дейін жалғасады. Бұл үшін олар өз ителгілерін арнайы әкелген. Айта кетерлігі, шейхтардың әр ауланған құсқа 625 300 теңге төлеуіне тура келеді.
«Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қазақстан Республикасындағы СИТЕС әкімшілік органы саятшылық жүргізу үшін жыртқыш қыран құстарды Қазақстан Республикасына әкелуді және Қазақстан Республикасынан әкетуді Жойылып кету қаупі төнген жабайы фауна мен флора түрлерімен халықаралық сауда туралы конвенцияның рәсімдерін сақтай отырып қамтамасыз етсін. Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының әкімдері көрсетілген іс-шараларды ұйымдастыруда қажетті жәрдем көрсетсін», - делінген Үкімет қаулысында.
Форбестің хабарлауынша, дуадақ аулау – арабтардың ежелден сақталған дәстүрі, тарихы мен мәдениетінде бұл жөніндегі мәліметтер жиі кездеседі.
Құс аулайтын сұңқарларды қолға үйрету автокөлік бағаларынан да асып түсетін көрінеді. Мәселен аңға салатын бір құстың бағасы $100 мыңға жетіп жығылады. Өйткені сұңқармен дуадақ аулау қиын екен.
Айта кетелік, биыл Халиф Бин Заид Әл Нахайянға Түркістан облысындағы Арыс және Қаратау мемлекеттік қорықтарынан 28, Қазақстанның оңтүстік аймағынан (Жамбыл, Қызылорда, Түркістан) 46 құс аулауға рұқсат берілген.
Шейх Сурур Бин Мухаммед Әл Нахаян Маңғыстау облысы Кендірлі-Қоясан мемлекеттік қорығынан 14, Сеиф Бин Мухаммед Әл Нахаян 13 құс аулай алады.
Джасим Бин Хамад Бин Халифа Әл Таниға Жамбыл облысындағы Андасай табиғи қорығынан 10, Алматы және Жамбыл облысы аумағындағы Жусанды қорығынан 20 құс аулауға мүмкіндік берілді.
Еліміздің «Қызыл кітабына» енген құстарды аулау 18 жылдан бері жүргізіліп келеді. Рұқсат тек табиғатқа келтірілген шығындарды өтеген шетелдіктерге ғана берілетінін ескерген жөн. Бұл орайда БАӘ мен Катар миллионерлері құстарды қайта қалпына келтіруге қыруар қаржы салатынын айта кету керек. Мәселен, 2008 жылы жабайы дуадақ өсіруге арналған орталық құрылысын қаржыландырған. Онда жылына 2-5 мың аралығында құс өсіріледі. 2014 жылы БАӘ-нен Қазақстанға 2 мың дуадақ әкелінген.
Дайындаған Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттер forbes.kz сайтынан алынды