Маңғыстаудың орталығы Ақтауда ана мен бала орталығы ашылады. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жаңадан ашылатын Ана мен бала орталығының жұмысымен танысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазір Ана мен бала орталығында жылу жүргізілуде. 4 қабатты ғимаратта әйелдерге арналған неонатология, анестезиология, акушерлік және гинекология бойынша қызмет көрсетіледі.
Орталық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылып, емделушілерге барлық жағдай жасалған. Кеңес беру диагностикалық емханасы да жұмыс жасайтын болады. Диагностика отбасын жоспарлауды, әйелдер арасындағы жатыр мойнының патологиясы және түсік қаупін білуге көмектеседі.
"Әйелдерге арналған кеңес беру бөлімдерін көбейту арқылы ана мен бала өлімінің алдын-алуға болады", - деп атап өтті Маңғыстау облыс әкімі Е. Тоғжанов.
Ал Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы күніне 90 баланы қабылдайды. Облыс әкімі бұл бағытта бірқатар жұмысты қолға алуды тапсырды. Кең көлемде мониторинг жасап, аурудың қайдан және неліктен пайда болатынын анықтау қажеттігін айтты. Аурудың алдын-алса сырқат саны азаяры сөзсіз.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ