©
ҚР ІІМ Маңғыстау облыстық мамандандырылған күзет қызметі облыс әкімдігі ғимаратынан ұрлыққа түскен азаматты құрықтады.
Аға лейтенант Айдос Сартбаевтың айтуынша, оқиға 17 қазанда түнгі 3 шамасында болған. Ол бейнебақылаудан асхана арқылы ғимаратқа кірген бөтен адамды байқаған. Бірден кезекші бөлімге хабар берген.
Оның айтуынша, кезекші объектіге күзет қызметінің автопатрулін жібереді. Хабар жеткен бойда ғимаратқа күзет қызметі нысанды толықтай бақылауға алады. Ғимаратты шолып шығып, Ақтау қаласы жол-патрульдік полиция батальонының 4 автопатрулі жақын маңдағы аумақты қоршауға алған.
- 40 минуттан соң бірінші қабатта екі ғимараттың біріккен тұсындағы жазғы бақта кезекші көліктің жүргізушісі Асан Нұрманов күдікті адамды қолға түсірді. Ол ІІБ кезекші бөліміне жеткізілді. Оның 1987 жылы дүниеге келген, бұрын ұрлық ісі бойынша сотталған азамат екені анықталды, - дейді Айдос Сартбаев.
Күзет қызметінің мәліметінше, азамат қолға түскенімен, қамауға алуға еш негіз болмағандықтан босатылған. Біріншіден, әкімдік тарапынан материалдық зиян келгені туралы арыз түспеген және ұрлық фактісі тіркелмеген.
Айта кетейік, оқиға кезінде жедел әрекет еткен мамандандырылған күзет қызметінің 12 маманына сыйақы берілуі мүмкін.