©
Соңғы күндері тұрғындар арасында «Зейнетақы қоры инфляцияға байланысты зейнеткерлерге ақша үлестіріп жатыр екен. Өтініш толтырып, ақша ала аласың» деген мәндегі қауесет желдей есті. Желі арқылы жылдам таралған хабарламаға бірі – сенбегенімен, бірі – үміттеніп те үлгерген еді. Анық-қанығын білмекке "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы Маңғыстау облысы бойынша филиалына хабарластық. Филиал директорының орынбасары Нұрлыбаев Ұлан Серікұлының айтуынша, халық арасында тараған ақпарға сенудің еш негізі жоқ, себебі ол жалған дегенді алға тартты. Аталмыш хабарламадан құлағдар халықтың қарасы көбейіп жатқанын байқадық. Осыған байланысты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы мынадай мәлімдеме жариялады. «Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры инфляцияға байланысты ақшалай компенсация береді деген жалған ақпарат тарауда. БЖЗҚ бұл ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды. Барлығыңызды бұл арандатуға сенбеулеріңізді, тек ресми ақпаратқа сенуге шақырамыз», - деп жазды.