Маңғыстау облыстық ауруханасы отоларингология бөлімшесінің меңгерушісі Дулат Майемерден құлақ, тамақ және мұрын аурулары жөнінде сайтымыздың оқырмандары үшін арнайы сұхбаттасқан едік. Қандай аурулар жиі кездесетінін, олардың қалай алдын алуға болатынын айтқан еді.
- Саламатсыз ба, Дулат Бердіғалиұлы! Қазір тамақ аурулары жиі кездеседі, бұл неден? - Саламатсыз ба! Тамақ ауруының бірден-бір себебі жұтқыншақтың кілегей қабатының қабынуынан болады. Ол фарингит ауруы деп аталады. Көбіне тұмау мен жедел респираторлы вирустық инфекциялық аурулардан кейін болып жатады. Тамақ неліктен ауырады? Себебі салқын тиюімен байланысты. Ол ауа арқылы немесе тоңазытқыштан алып мұздай сусын ішкеннен болады. Дер кезінде күтінбесе ары қарай ангинаға ұласады. Тіпті оның іріңді және іріңсіз түрлері болады. Науқас ұзақ уақыт бұл аурумен ауырса созылмалы болып кетеді. Бұның бәрі - салқындаудың әсерінен болатын жағдай. Айта кетейін, тамақ аурулары мұрынмен дұрыс тыныстанбаудың салдарынан да болады. Ол тек тамаққа ғана зиян әкелмей, мұрын пердесі қисаяды. Көбінесе кішкентай балалалар мұрынмен дем алмай, ауызбен ауа жұтады. Ауамен тікелей қарым-қатынаста болуы аденоид деп аталады. Соның салдарынан тамақ ауырады. Тамақ ауруларын тағы бір себебі - тістің шіруінен. - Салқын су ішкен дұрыс па, әлде жылы су ма? - Орынды сұрақ. Ауруханаға ауа райынан немесе мұздай сусын ішіп салқын тигендер жиі келеді. Науқастарға айтатыным, ағзаң әлсіз болса, жиі ауырасың. Мәселен, жиі ауыратын баланың иммунитеті сәйкесінше төмен болады. Ол не себепті дейсіз? Бұл - қаназдықтың салдарынан. Менің айтар кеңесім, иммунитеті төмен балаларды педиатрға қарату қажет. Оның себептерін анықтап алған жөн. Егер қаназдық болатын болса, талдауларын тапсырып, қорытындысы бойынша қан мөлшерін көтеру керек. Сондай-ақ тым жылы су да, тым салқын су да ішуге болмайды. Бөлме температурасындағы суды ішкен дұрыс. Өйткені салқын ішкен кезде, ағзада салқындау процессі жүреді. Кейде адамдар «Мен тоңған жоқпын, бірақ тамағым ауырып қалды», -деп айтып жатады, бұл сөз ағзаның салқындағанын аңғартады. Мұздай суды ішпей, керісінше сол суға шайыну керек. Бұл жерде шатастырып алмаған жөн, мұздай суға шайыну денені шынықтырады. - Ересек тұрмақ, кейде балалар да мұздай суды ішуге әуес болады. Бөлме температурасындағы суды ішуді қалай үйреткен жөн? - Ылғи мұздай ішетін баланы бөлме температурасындағы су немесе сусындарды ішуге ақырындап қана үйрету керек. Жалпы, ағзаға салқын тиюге болмайды. Ағза салқынды сезінсе, бір рет қорғанады, екінші рет қорғанады, кейін ағза әлсірей бастайды. Сол кезде ауру күшейеді. - Мұрын аурулары жөнінде айта өтсеңіз. - Мұрын ауруларының жиі кездесетін түрі - ринит. Ол мұрынның кілегей қабатының қабынуынан болады. Ауруды мұрын қуысына түскен микробтар мен вирустар тудырады. Ол ауамен беріледі. Мұрын ауруларында тағы бір жиі кездесетіні – гайморит. Мұрында 4 қуыс болады. Соның ең үлкені - ауамен тікелей байланыста болатын гаймарит қуысы. Гайморит қуысының ішіндегі кілегей қабатының қабынуын гайморит дейді. Көп жағдайда салқын тиюмен байланысты болады. Сонымен қатар гайморит тіс ауруларының әсерінен де болады. Өйткені жоғарғы жақ тіс гайморит қуысымен байланысты. Сондықтан тісті күтіммен ұстап, тереңдеп шіруінен сақтау керек. Тіс дәрігеріне қаралып тұрған абзал. Өйткені ағзада бәрі бір-бірімен тікелей байланысты. - Гайморит үй жағдайында емделе ме? - Бұл көптің көкейінде жүретін сауал шығар. Гаймориттің емдеу жағдайы әртүрлі. Ауруды алдын алу үшін салқын тиюден сақтану қажет. Гаймориттің түрлері көп, бірақ халыққа түсінікті болу үшін іріңді және іріңсіз түрі болады деп айтайын. Әрине, егер жеңіл түрі болса үй жағдайында емдеуге болады. Бірақ іріңді түрі болып, жағдайы төмендеп жатса, онда міндетті түрде стационарлық жағдайда емделеді. Дегенмен алдымен мамандарға көріну керек. https://youtu.be/cJatEmf6bzs?list=PLGSGM9pf1rYmfVhHHraeHDM2aC_oYll6k - Гаймориттің белгілері қандай? - Алғашқы белгісі мұрын бітеледі. Одан кейін ағзаның қорғаныш қабілеті пайда болып, мұрыннан сұйықтық бөлінеді. Бұны уақыт өте келе емдемесе іріңдеп кетуі мүмкін. Сосын мұрыннан іріңді бөліністер шығатын болады. Мұрынмен дұрыс дем алмаудың салдарынан миға қажетінше оттегі жетпейді. Бас ауырады. Асқынып кеткен гайморит минингитке ұласады. Ірің миға қарай өтсе, қауіп төндіреді. Дер кезінде қаралмаған жағдайда емделу қиынға соғады. Егер уақытында қаралған науқастың дәрісі әсерін беріп, талдау нәтижесі жақсы болса тез сауығып кетеді. - Мұрын неліктен қанайды? - Оның бірнеше себебі бар. Біріншісі, егде адамдарда жиі кездеседі. Қан қысымы жоғарылаған кезде мұрынның ішіндегі жұқа кішкентай тамырлары қысымға шыдай алмай жарылады. Содан мұрын қанайды. Ал екіншісі, бас сүйек қысымының жоғарылауының салдарынан мұрын қанап жатады. Көбінесе балалар ашуланған кезде бас сүйектің қысымы жоғарылайды да мұрын ішіндегі қан тамырлары жарылып қан кетеді. Үшінші, тұрғылықты жеріне байланысты болады. Құрғақ жерлерде өмір сүретін адамдардың мұрны құрғап, қабыршақтанып тұрғанда қолын тигізсе, жарақаттап алады. Ол біздің өңірімізде жиі кездеседі. Мұрын ішіндегі кілегей қабығы құрғайды, қабыршақ пайда болады. Оны құрғақ ренит дейміз. Тағы бір себебі мұрынды жарақаттау, сырттан келетін соққылар салдарынан қанайды. Бесіншісі, қан ауруларына байланысты. Қанның құрамында оны ұйытатын факторлар болады. Қанды ұйытатын факторлардың мөлшері төмендеп кеткен кезде ақ қан ауруына ұшырайды. Бұндай ауруға шалдыққанда мұрын жиі қанайды. Міне, осындай 5 негізгі белгілері бар. https://youtu.be/KqdyxibbBZo?list=PLGSGM9pf1rYmfVhHHraeHDM2aC_oYll6k - Мұрыннан қан ақса қалай тоқтатамыз? - Оны тоқтату үшін алдымен себебін іздеуіміз керек. Егер қан қысымының жоғарылауының салдарыннан мұрыннан қан ақса, онда қан қысымын төмендету керек. Сосын мұрынға тампон салады. Дәрігерлер қан ағуды тоқтататын арнайы дәрі-дәрмек егеді. Сырттан жарақат алғаннан мұрыннан қан ақса, жарақат түріне қарайды. Мұрын сынған жағдайда орнына келтіреміз. https://youtu.be/_nv30ZHo6O4?list=PLGSGM9pf1rYmfVhHHraeHDM2aC_oYll6k - Не себепті құлақтан бұлақ ағады? Құлақ ауруы жөнінде айтсаңыз. - Құлақтың қабынуынан болатын отит ауруы жиі кездеседі. Құлақ ауруы 3-ке бөлінеді: сыртқы құлақтың отиті, ортаңқы құлақтың отиті және ішкі құлақтың отиті. Көбінесе іріңді және іріңсіз болып бөлінеді. Халық арасында құлақтан бұлақ ағады деп айтады. Ал медициналық тұрғыда ол - ірің. Ол құлаққа салқын тиюі мен мұрынмен дұрыс тыныс алмауына байланысты болады. Балаларда тұмаудан кейін мұрында әртүрлі бөліністер шығады. Мұрынмен жөнді тыныс алмаса, мұрындағы бөліністер құлаққа қарай кетіп қалады. Ал ересектерде құлақ аурулары салқын тиюмен байланысты болады. Сонымен қатар көбінесе басын жумай сыртқа шығып кетеді. Қыс мезгілінде бас киім кимесе, құлаққа салқын тиеді. Сондай-ақ адамдар құлақ ауруын өз қолымен жасап алады. Мәселен, әр затпен құлақты шұқу. [caption id="attachment_72000" align="aligncenter" width="1024"] Дулат Майемер[/caption] - Ендеше құлақты қалай тазалаған жөн? - Құлақты суға түскен соң тазалау қажет. Себебі құлақтың іші ылғалданады, сол кезде мақта таяқшаларымен (ватный палочка) тазалау керек. Ал құлақты құрғақ күйінде тазаласа механикалық жарақат алады. Құлақтың ішінде бұлақ бөлетін бездер болады. Сол бездердің қызметін бұзып алуы ықтимал. - Кейбір адамдар құлақ ауырса орамалды жылытып басып жатады. Бұл дұрыс па? - Құлақ ауырса оның себебін біліп алмай кез-келген затты басуға болмайды. Егер құлақта ірің болса тіптен жылыны жақындатпау керек. Жылу іріңді одан сайын күшейтеді. Іріңсіз тек асқыну процесі болса укол мен дәрі-дәрмек арқылы емделеді. Маман ретінде айтар кеңесім құлақ ауырса өз бетінше емделуге болмайды. - Өңірімізде отоларинголог мамандар жеткілікті ме? - Маңғыстау облысында 5-10 жыл бұрын бұл салаға маман жетіспейтін. Ал қазір жеткілікті. Жеке клиникаларда 2-3 отоларинголог бар. Алайда сапалы мамандардың көп болғаны жақсы. Бәсекелестікке әкеледі. Ал бәсекелестік болған жерде біліктілік артады. - Сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!Ақкенже БЕРКЕНОВА
Суреттер мен видеоны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="71995,71994,71998,71999"]