©
Биыл жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Олардың болашақта оқу орнын дұрыс таңдауды және қажетті мамандық бойынша білім алуына орай бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың бірі жуырда «Гүлдене бер, туған ел!» жобасы аясындағы «Жас Отан» жастар қанатының ұйымдастыруымен өткен білім жәрмеңкесі. Мектеп түлектеріне жоғары және орта оқу орындарын таныстырып, оқуға түсулеріне ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған шараға 14 колледж, 2 университет, сонымен қатар, «Серпін – 2050», «Жаңа серпін» орталықтарының жауапты өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Шара барысында келген қонақтар оқушыларға оқу орындарын кеңінен таныстырып, аталған бағдарламалар бойынша бірқатар ақпараттармен бөлісті. Мәселен, «Серпін – 2050» – мектеп бітіруші түлектерді еліміздің өзге аймақтарында жоғары және орта оқу орындарына оқуға мүмкіндік берсе, «Жаңа Серпін» бағдарламасы өзіміздің өңірде оқу бітіріп, тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарламаның пайдасы мен артықшылықтары туралы «Жаңа серпін» орталығы мониторинг бөлімінің басшысы Мерует Досанова айтып өтті. «Бұл орталық облыс әкімінің қаулысымен құрылған және Маңғыстау өңірінде ғана жүзеге асып келеді. Жоғары және орта оқу орындарына түсуге ниетті оқушыларды мемлекет есебінен тегін оқытамыз. Оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасуға ықпал етеміз. Сондай-ақ бұрын соңды дипломы бар, еңбек өтілі қалыптаспаған жас мамандарды да 1 және 6 ай аралығында өндірістік тәжірибеге ірі-ірі мекемелерге жолдаймыз. Оларды жолақы, шәкіртақы және жатақханамен толықтай қамтамасыз етеміз», - деді. Сондай-ақ, облысымыздағы колледждердің де студенттерге арналған мүмкіндіктерін бірі білсе, бірі білмес. Атап айтар болсақ, дәрігер мамандығы бойынша білім беретін облыстық «Мейірбике» базалық медициналық колледжі он мамандықтың екеуін, яғни, ветеринария мен медтехника мамандықтарын бюджет есебінен тегін оқытады. Сондай-ақ колледждердің ішіндегі электронды түрде білім беретіні де осы оқу орны. Дәрігер мамандығына қызығушылығы артып, білім алғысы келетін түлектер аты аталған колледждің арнайы сайтына да кіріп, барлық мағлұмат ала алады. Ал, МКҚК «Ақтау технологиялық қызмет көрсету» колледжі қазіргі таңда сұранысқа ие мамандықтар бойынша мамандар даярлайды. Аспаз, кондитер, тігінші, моделер-конструктор, байланыс, электрик мамандықтарына түскісі келген түлектерге бұл үлкен мүмкіндік болмақ. Одан бөлек Х. Узбекгалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің де заман талабына сай сварчик, токарь, ІТ технологиясы бойынша вип-дизайн, дизайн мамандықтарын атап өткеніміз жөн болар. Сондай-ақ 300 орындық жатақхана, кітапхана, оқу кабинеттерімен жабдықталған оқу орны қысқа мерзімді курстар да өткізіп тұрады. Мәселен, көлік жүргізу куәлігін арнайы курс оқып алуға мүмкіндік бар. Бір айта кетерлігі, студенттерге барлық мамандық бойынша тегін білім алуға мүмкіндіктер қарастырылған.Шалқар АБЫЛОВА