©
4-5 қараша күндері Татарстан астанасы Қазан қаласында «СINEMA CAMP-2017» Халықаралық кинофестивалі өтті. Оған Ресей, Иран, Франция, Италия, Испания, Египет, Иордания елі үміткерлерінен 350 жұмыс қатысты.
Байқауаға РФ еңбек сіңірген артисі, актер Владимир Демидов, «ТНВ» телеарнасының тележүргізушісі Лейсан Сабирова (Қазан қаласы), Лос-Анджелес қаласында өткен кинофестиваль финалисі, актер Игорь Ермяков қазылық етті.
Халықаралық додада қазақстандық жас режиссер Ақбөбек Нұрбаулықызы жүлдегер атанды. Ол «Отпан тау» тарихи деректі киносы арқылы «Ең үздік студенттік фильм» номинациясына ие болды.
Ақбөбек Нұрбаулықызы Төлжан 1993 жылы 7 маусымда Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің түлегі. Бүгінде «Хабар» агенттігінде режиссер болып еңбек етеді. «Ұран оты» (Жер сақшысы - Отпантау) тақырыбын дипломдық жұмысына арқау еткен ол 2016 жылы өз өлкесіне келіп деректі фильмді түсіреді. Ол бұл туындысы арқылы «Отпан тау» тарихын таратып көрсетіп, бүгінгі жас буынға елдік рухты сіңіруді мақсат еткен.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА