©
Маңғыстаулық спортшы, жұппен мәнерлеп сырғанаудан Қазақстан Республикасының чемпионы Гаухар Наурызова Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоғжановтың қабылдауында болды. Кездесуге спортшының анасы Мәрия Жаукерова мен облыстық білім басқармасының, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшылары да қатысты. Жас спортшы аймақ басшысына алдағы жоспарлары туралы әңгімелеп берді. Г.Наурызова 2018 жылы Болгарияда өтетін жастар арасындағы әлем біріншілігінде еліміздің атынан жарысқа түспек. Жүздесу барысында аймақ басшысы Қазақстанның намысын әлемдік аренада қорғағалы отырған жас спортшыға сәттілік тіледі. – Алда өтетін байрақты бәсекеде еліміздің намысын абыроймен қорғауға тырысамын, – деп, жас спортшы сенімді ақтауға барын салатындығын жеткізді. Сондай-ақ Гаухар Наурызова бүгін білім күні мерекесіне орай өзі оқыған мектепке барып, оқушылармен кездесті. Ол 2007-2013 жылдар аралығында Ақтау қаласындағы №23 орта мектепте білім алған. Бұл – болашақ спортшыны тәрбиелеуге үлес қосқан білім ордасы. Қазір бұл мектептің әр оқушысы Гаухарға қарап бой түзейді. Кездесу барысында мектеп оқушылары жас спортшыға сұрақтар қойып, пікір алмасты. Олардың ішінде Гаухардың бұрынғы сыныптары да бар. Шара соңында мектеп оқушылары Гаухармен естелік суретке түсіп, оған алда күтіп тұрған үлкен жарыста сәттілік тіледі. Гаухардың спорттағы алғашқы қадамы 2011 жылы «Ақтау» ойын-сауық орталығындағы мәнерлеп сырғанау секциясына қатысудан басталған. Ол алдына мәнерлеп сырғанау өнерінің шыңына жетемін деген мақсат қойып, 2013 жылы Алматы қаласындағы республикалық спорт мектебіне ауысады. 2016 жылдың маусым айынан бастап ол Мәскеу қаласында бапкер Александр Жулиннің командасында жаттығып келеді. 2016 жылдың масым айында мәнерлеп сырғанаудағы жұбы Байсангур Датыевпен бірге Қазақстан біріншілігін жеңіп алды. Ал, 2017 жылы қаңтарда спорт шеберлігіне кандидат атанды. Гаухар Наурызова келесі жылы Болгарияда өтетін жастар арасындағы әлем біріншілігіне Қазақстанның атынан қатысқалы отыр.К. ОҢҒАЛТАЙ
Суреттерді түсірген С. МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34188,34185,34187,34186"]