©
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру мақсатында Ақшұқыр мектеп-лицейі жанындағы «Holiday» жазғы демалыс лагерінде «Этноауыл» күні аталып өтті. Сән салтанатымен ағаш үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Ұлттық өнерді ұлықтап, қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған шараға 300 оқушы қатысты.
Шараның салтанатты ашылуына Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов, облыстық білім басқармасының басшысы Зейнеп Тастемірова, Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева мен Ақшұқыр мектеп-лицейінің ұстаздары қатысты. Қонақтар ұлттық өнерпаздар, ұлттық киімдер, ұлттық ойындар, ұлттық тағамдар, «ЭКСПО-2017» көрмесі, ұлттық қолөнершілер ауылына саяхат жасап, оқушылардың жұмыстарына баға берді.
-Балалардың демалысын қызықты ұйымдастыру үшін бүгін «Этноауыл» күнін ұйымдастырдық. Шара арқылы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттай отырып, жас ұрпақтың бойына елжандылық қасиеттерді қалыптастырғымыз келеді. Лагердегі 300 баланың әр күнін жоспарлап, қызықты шаралармен бекіттік. Бұған дейін балалар өлкеміздің тарихи жерлеріне саяхаттап, өлке тарихымен жақын танысты. Облыстық музейге, драма театрға, кинотеатрға барды. Бүгін «Этноауыл» күнін ұйымдастырып, қазақтың салт-дәстүрімен, ұлттық тағамдарымен, ойындарымен танысып жатырмыз,-дейді Түпқараған аудандық білім бөлімінің басшысы Айбаршын Утесбаева.
Шараға қатысқан оқушылардың бірі ұлттық тағамдарды жасауды үйренсе, енді бірі жүн сабап, ұршық иіруге машықтанды. Ұлттық ойындар алаңында асық ату, тоғызқұмалақ сынды ұлттық ойындар дәріптеліп, «ЭКСПО-2017» көрмесі ауылында соңғы технологияның жетістіктері насихатталды.
-Бүгін мен құрт қайнатып, қазы жасап үйрендім. Назгүл апайдың айтуы бойынша қазанға 4 литр шұбатты құйып, қазанның астын жағып, қант қосып, қайнаттық. Суығаннан кейін әр түрлі формаға келтіріп, жасап шықтық. Одан бөлек ши тоқып, жүн түтіп үйрендік. Құрақ көрпе дайындаудан да шеберлік сыныптары өтті. Мұнда біздің әр күніміз қызықты ұйымдастырылған. Маған барлығы да ұнайды,-дейді 7-сынып оқушысы Қарақат Қонысбаева.
Жалпы Түпқараған ауданында биылғы оқу жылын 6417 оқушы тәмамдаған. Оның 4458-і жазғы лагерьмен қамтылған. Айта кету керек бүгінгі таңда аудандағы 8 мектеп жанында жазғы тынығу алаңдары жұмыс істейді. Бұл жерлерде балалардың жазғы демалысын қызықты ұйымдастыру үшін қазынадан 10 301 300 мың теңге қаражат қарастырылған.
Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген автор