©
Биыл жетінші мәрте елорда төрінде Елбасы Н. Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтеді. Дүбірлі додада аймақ намысын Нұрдәулет Жарылғапов (лақап аты-Қара бура) пен Мейрамбек Жаңабай (лақат аты-Ер Шеген) қорғайды. Қос балуанға сәттілік тілеп, облыс ақсақалдары ақ батасын беріп, ақтық бәсекеге шығарып салды. Салтанатты шараны Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясы ұйымдастырды. -Республикалық жарыста бұл жолы облыс намысын қорғау Нұрдәулет Жарылғапов пен Мейрамбек Жаңабайға бұйырып отыр. Қос балуанымызға ақ жол тілейміз. Биылғы жарыстың ерекшелігі бұған дейін «Қазақстан барысының» республикалық кезеңінде жеңімпаз атанған балуандар қатыспайды. Сондықтан да үмітіміз зор. Жалпы бұл жобаның мақсаты - төл спортымыздың өрісін кеңейту, ұлттық дәстүрді жаңғырту арқылы өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру,-деді Маңғыстау облыстық қазақ күресі федерациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Аббат Өрісбаев. Биыл облыста ұйымдастырылған «Каспий көкжалы» спорттық додасына аудан, қалаларда өткен іріктеу турнирлерінде жеңімпаз атанған 15 балуан қатысқан болатын. Ұлттық спортымызды ұлықтауға арналған жарыста Нұрдәулет Жарылғапов мықтылардың ішінен дараланып, бірінші орынды қанжығалады. Қазақша күрестің мәртебесін көтеріп, жастарға үлгі болып жүрген Мейрамбек Жаңабай екінші орыннан көрінсе, Ғалымжан Шолтаев үшінші орынды қанағат тұтты. Айта кету керек, биыл «Қазақстан барысына» 34 балуан қатысады деп күтілуде. Бабы мен бағы келіскен балуан ақшалай сыйлық пен чемпиондық белбеуге ие болады. Финалдық кездесулер «Барыс Арена» спорт кешенінде өтеді.Венера МИРЛАН,
Сурет авторы Надежда ШУЛЬГА