©
Бүгін Н.Жантөрин атындағы музыкалық-драма театры залында ҚР Жазушылар Одағының мүшелері, ақын Болат Жүмин мен Жүрсін Ерманның қатысуымен кездесу өтті. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында өткен жиынға қалалар мен аудандардың ардагерлері, облыс әкімінің орынбасары мен кеңесшілері, өңірге белгілі ақын-жазушылар, үкіметтік емес ұйым басшылары, халықтар ассамблеясының және облыстық мәслихат мүшелері қатысты. Елбасының бағдарламалық мақаласында көтерілген әрбір мәселе келелі ойдан туған кемел шешім, халықты рухани дамыту мақсатында жасалған маңызды қадам. Ұлттық құндылықтарымызды бүгінгі заман талабымен үндестіре отырып, жаңғыртуды көздейді. Еліміздің сан ғасырлық қатпарлы тарихы бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дербес мемлекет ретінде қалыптасқан Қазақстан өз экономикасын құрып, дамыған елдердің қатарынан көрінуге барынша көңіл бөлді. Жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға, өз келбетін нақтылауға ұмтылуы заңдылық. Сондықтан Елбасы өз мақаласында назарымызды ұлттық кодқа аудартты. -Біз сияқты ескі қазақтарда ресми құжаттарға салғырттау қарайтын дәстүр бар. Осы мақаланы оқығаннан кейін қатты мазам кетті. Осыны ұқпаймыз-ау, бұл да жерде қалады-ау, аяқ асты етеді-ау деп. Қашанғы көштен қала береміз? Ұлт болып ұйысып, еңсемізді тіктейтін заман келді. Бұл мақала соған жол сілтейтін, соған жол ашатын үлкен көлемде талқыланатын дүние. Түркі халықтарының қара шаңырағы қазақтардың қолында қалды. Орыс болып кете жаздап, қайта қайырылып, қалпымызға келдік. Ұлттық код дейді, код деген тек қой. Тегімізді тану – кісіге қанат бітіреді. Біз қайдан келдік, кім едік, кімнің ұрпағымыз деп ойласақ, ата-бабамызды еске алуымыз керек. Олар да біз секілді өмір сүрген. Солардың тілінде сөйлемесек, солардың ұстанған дәстүрін ұстанбасақ, өмірімізде не мағына қалады? Латын қарпіне көшеміз деп жатырмыз. Біз секілді қарт адамдар оны онша жақтыра қоймады. Байыбына барсақ, халықаралық өркениеттің көшіне ілесеміз десек, оның еш қиындығы жоқ. 12-13 жыл латын әліпбиімен өмір сүрді ғой халық. Қазіргі әлемдік ғаламтор қарыштап дамып тұрған заманда мұны игеру қиын дүние емес, әсіресе жастарға, - деді өз сөзінде айтыс өнерінің жанашыры, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, М.Мақатаев атындағы сыйлықтың екі мәрте лауреаты, ақын, журналист Жүрсін Ерман. Шарада Елбасының мақаласы жан-жақты талқыланып, қатысушылар тарапынан ұсыныстар айтылды. Облысымызға келген белгілі тұлғаларға өңір ардагерлері естелік кітап табыстады. Аймағымыздың жас ақындары Жүрсін Ерманның өлеңдерін оқып, ақынға зор ілтипат көрсетті.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА